Сегіз облыста төтенше жағдай режимі сақталуда. Ақтөбе облысындағы Мамыр мен Нұра ауылдарының тұрғындары көшірілді

Жарияланды (жаңартылды )
ҚР ТЖМ gov.kz

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Мамыр ауылының тұрғындарын төтеншеліктер көшірді. Оған Торғай өзенінде су деңгейінің көтерілуі себеп болған. ҚР Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен ауыл адамдары Ырғыз  ауданына эвакуацияланды. Қауіпсіздік үшін Нұра ауылының тұрғындары да көшірілді. Ақтөбе өңіріндегі су апаты салдарынан жарықсыз қалған 41 ауылда электр желісі іске қосылды. 14 елдімекенге дизельдік отын арқылы тоқ берілуде.

«Ақтөбе өңірінде су тасқынына қатысты ахуал тұрақталды. Қауіп сейілді. Қазіргі уақытта рекордтық көрсеткішпен су  қабылдаған қоймаларда ағыс бәсеңдеді. Тек Торғай өзеніндегі судың көтерілуіне байланысты Ырғыз ауданының Мамыр мен Нұра ауылдарындағы бөгеттерді нығайтуға қосымша техника жұмылдырылды. Бұл жұмыс аталған елдімекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында қолға алынды. Біздің алдымызда тұрған басты міндет – су тасқынының салдарын жою. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек берілуде», – деді сол күні бейнеүндеу жариялаған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Ал СҚО-дағы  қоймадағы су деңгейі 8 метрден асты. Есілдің суы Петропавл қаласының Заречный, Мичурино, Прибрежный кенттеріне кіре бастады. Қызыл су Ойқала мен Тері зауыты аудандарына қарай жылыстап ағуда.

Бүгін Ақмола облысының Атбасар қаласын су басты. Атбасар жанындағы Жабай өзенінің суы күрт көтеріліп, тұрғындарды эвакуацияланған. Жалпы Жабай, Есіл, Жаныспай, Қызылсу өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақмола облысының Есіл, Жарқайың және Атбасар аудандарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Атырау облысы Жайық өзенінің тасуына алдын ала қам жасауда. Гидромамандар өзен арнасындағы су деңгейі 6 метрге жетеді деп болжаған. Жайық жағалауын бекітуге 2225 бюджеттік мекеме қызметкерлері, 3254 ерікті жұмылды. 820 арнайы техника іске қосылды. Су тасқынын тоқтатуға 58,5 шақырым бөгет тұрғызылды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов батыс өңірлерді қорғау үшін 10 мыңнан астам әскери қызметкер жұмылдырылғанын хабарлады. Оралда Жайық өзенінің деңгейі 7,3 метрге жуықтады. Осы өзенге құятын Сақмар өзенінде су деңгейі көтеріліп келеді. Облыс орталығында Жайық пен Шаған өзені жағалауын нығайту жұмыстары қызу жүрігізлуде. Қазір қаладағы саяжай қауымдастықтарында электр мен газ желісі өшіріліп, жергілікті билік бейқам отырған тұрғындарды үйлерінен тезірек көшуге шақыруда.  

Қазіргі уақытта сегіз облыста төтенше жағдай режимі сақталған. Бүгінге дейін 97 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Павлодар мен Абай облыстарында төтенше жағдай режимі алынып тасталынды.

Сондай-ақ оқыңыз