Жаңалықтар

Экономикалық зерттеулер институты қарғын суды тиімді пайдалану үшін шетел тәжірибесін іске асыруды ұсынды

ҚР СРИМ gov.kz

Көктемгі су тасқыны кезінде өңірлердің су шаруашылығы, гидроқұрылысы, дайындық жұмысы жиі ақсап жататыны мәлім. Биылғы қарғын су ауылдарды ғана басып қалған жоқ, қалаларға да қауіп төндірді. Қазақстанның Батыс, Шығыс және Солтүстік өңірлері қиын жағдайда қалды. Тоғандар бұзылып, елдімекендердегі инфрақұрылымдар істен шықты. Құтқарушы қызметі мыңдаған адамды қауіпсіз қосындарға көшіріп жатыр.

Жыл сайын қайталанатын су тасқыны елімізде су ресурстарын тиімді қолданылмайтынын көрсетеді. Тасқын суды ел игілігіне қалай пайдалануға болады? Бұл сұраққа Экономикалық зерттеулер институты жауап іздеп көрді.

Қарғын су есебінен қосымша су қорын түзуге болар еді. Қазақстан бұл бағытта басқа мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінсе болады.

Шетелдерде гидрожүйе жақсы дамыған

Жапонияда, әсіресе, Хонсю аралының батыс жағалауында жыл сайын қалың қар басып қалады. Жылына мында 1700 мм жауын-шашын түседі. Хонсю мен Хоккайдо аралдарында қар өте көп болады. Ниигата аймағында қардың биіктігі 10 метрге жетеді. Ал Аоморида 8 метрдей күртік қар болады. Қар суын жинап алуға арналған жер асты резервуарлар жасақталған. Құрғақшылық кезеңінде су қоры жерді суландыруға пайдаланылады. Резервуарда суды тазалау жүйесі іске қосылған, сол арқылы су қорын қосымша ауызсу ретінде қолдану қарастырылған.

Сингапурда жаңбыр суы жер асты су қоймасына жиналып, одан кейін қосымша ауызсу көзі ретінде пайдаланылады. Скандинавия елдерінде еріген қар суын энергия көзі ретінде пайдаланады. Швеция мен Норвегия электр энергиясын өндіру үшін еріген суды пайдаланады. Норвегияда географиялық ерекшелігіне байланысты жыл сайын орта есеппен 500-ден 3000 мм-ға дейін жауын-шашын түседі. Жауын-шашынның көп бөлігі ылғалды батыс жағалауында болады. Тромсо және Финмарк қалаларында жылына 2-3 метр қар жауады.

Екі елде де технология озық

Норвегияда су электр энергиясы елдің электр энергиясына деген қажеттілігінің 96%-ын қамтамасыз етеді. Шағын су электр станциялары қар суының энергиясын электр энергиясына айналдырып, шалғай таулы аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Әсіресе ерте көктемде еріген судан алынатын энергия электр қуатын өндіру қарқынын арттырады.

Канада, әсіресе, Альберта, суару үшін еріген қар суын пайдаланады. Бұл құрғақшылық кезінде су ресурстарын үнемдеп қана қоймай, топырақ эрозиясының алдын алады. Канадада жыл сайын 500-ден 4000 мм-ге дейін жауын-шашын жауады, жағалаулар ішкі аймақтарға қарағанда көбірек жауады. Ал қардың қалыңдығы, әсіресе, Квебек пен Британдық Колумбия провинцияларында жылына 3 метрден асады.

Швейцарияда жылына 1000-2500 мм жауын-шашын түседі. Таулы аймақтарда, әрине, қарға байланысты жауын-шашын көбірек болады. Альпі тауларында қардың орташа қалыңдығы 2-ден 4 метрге дейін өзгереді. Швейцарияда қарды сақтау үшін күн сәулесінің өтуіне жол бермейтін арнайы жабындар қолданылады. Олар қардың еруін бәсеңдетеді және жазға дейін судың үлкен көлемін сақтауға көмектеседі. Содан кейін қажет болған жағдайда қосымша су ресурсы су электр станциялары мен ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Бұл жабындардың тағы бір функциясы – жазғы шаңғы маусымы үшін қарды сақтау. Бұл әдіс Вале кантонында танымал.

Елдегі су шаруашылығын жандандыруға болады

Қазақстанда жылына 200-ден 500 мм-ға дейін жауын-шашын түседі. Қар түріндегі жауын-шашынның мөлшері далада жылына 100-ден 200 мм-ға дейін, таулы аймақтарда 500-ден 1600 мм-ға дейін жетеді. Қардың қалыңдығы жылына 1-ден 2 метрге дейін жетеді.

Еріген қар суын тиімді пайдаланудың негізгі элементтері оны жинау, сақтау және тарату болып табылады. Қазақстан үшін басты міндет – осы үш элементті тиімді үйлестіретін инфрақұрылым құру. Жер асты су қоймалары мен суару жүйелерін құру табиғи су көздеріне қысымды төмендетуге және құрғақшылыққа төзімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Экономикалық зерттеулер институты қарғын суды тиімді пайдалану үшін мынадай әдіс-тәсілдер ұсынады:

Қарды жинау және сақтау. Бұл әдіс құрғақшылық кезінде суару жүйелерінде еріген суды немесе қосымша ауызсу көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

  • Қар және жаңбыр су қоймаларын салу: қарды арнайы су қоймасында сақтау және құрғақ кезеңдерде су көзі ретінде біртіндеп еріген суды пайдалану;
  • Қар массасын оқшаулау: қарды жылу өткізгіштігі төмен материалмен жабу, ол баяу ериді және тез буланып кетпейді (арнайы материал болмаса, табиғи материалдарды қолдануға болады, мысалы, сабан);

Қызыл суды тікелей пайдалану:

  • Суару: ерте көктемде еріген қар суын ауыл шаруашылық алқаптарын суарудың қосымша көзі ретінде пайдалану;
  • Жер асты суларын толтыру: еріген қар суын арнайы құдықтар мен су қоймаларына жинау жер асты суларының көлемін ұлғайта алады;

Ауызсу көзі және тазарту ретінде пайдалану: еріген қар суын ауызсуға айналдыру немесе басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін сүзу технологияларын пайдалану;

Энергия көзіне айналдыру: еріген қардың энергиясын электр энергиясына айналдыру үшін шалғай аудандарда шағын су электр станцияларын салу. Бұл әдіс Норвегия мен Швецияда бұрыннан қолданылған.