Су тасқыны: 7 облыстағы 3 745 үй су астында қалды

Жарияланды
су тасқыны
Тасқын басталған кезеңнен бері қанша үй су астында қалды? / Фото: kursiv.media

Тасқын салдарынан еліміздің 7 облысында 3 745 жеке тұрғын үй су астында қалды. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлім етті.

Орталық коммуникациялар алаңында ТЖМ мен Қазгидромет өкілі су тасқынына байланысты мәліметтерді жариялады. Ерасыл Сайпаштың айтуынша су тасқыны басталғалы 75 982 адам құтқарылған, оның 18 681-і бала.

«Тартылған әуе кемелерінің көмегімен 2 811 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пункттеріне 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 2 794 бала орналастырылды. 69 971 жануар қауіпсіздік жерге айдалды. Зардап шеккен өңірлерге 126 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштермен 7,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. 993 мың қапшық және 982 мың тонна инертті материал төселді. 1 739 тұрғын үй мен 1 743 аула аумағынан су бұрылды», – деді.

Комитет өкілінің дерегінше, тәулік бойы авариялық құтқару жұмыстарына 16375 адам, тартылған. Сондай-ақ 1681 техника, 377 су сору және 81 жүзу құралы 15 әуе кемесі жұмылдырылған.

«Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 745 жер үй, 421 аула аумағы су астында қалуда. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 4 көпір мен 101 жол төсемі бақылауда тұр. Көлік қатынасынсыз қалған 65 елді мекен бақылауда. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары республикалық штабтың бақылауында. «Жедел желі» телефонына 1 052 қоңырау түсті. Республикалық және жедел штабтар жұмыс істейді. Барлық күштер мен құралдар төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға жұмылдырылды. Жағдай күрделенетін болса, шұғыл шаралар қабылданады», – деп түйіндеді спикер.

«Қазгидромет» не дейді?

«Қазгидромет» РМК  баспасөз хатшысы Алина Смагұлова Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты әлі де сақталатынын атап өтті.

«Республиканың солтүстік-батысы, солтүстік пен орталығында түнде жауын-шашын, күндіз жаңбыр жауады. Қатты жаңбыр орталықта, күндіз елдің солтүстігінде болады деп болжануда. Тек оңтүстік-батыста, оңтүстік-шығыста жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі. Қазақстан бойынша тұман күтілуде«,- деді спикер.

Алина Смағұлова атап өткендей, қазіргі уақытта Ақтөбе мен Ақмола облыстарында дауыл ескерту жарияланған.

 «Ақтөбе облысы бойынша 7-10 сәуір күндері аралығында күннің жылынуына және жауын-шашынның түсуіне байланысты өзен суларының көтеріліп, жайылатындығы болжанады. Ақмола облысының Зеренді, Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Бұланды, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Бұрабай, Шортанды және Целиноград аудандарында жаңбыр түріндегі жауын-шашын болжамына байланысты 7-10 сәуір аралығында Жабай, Қалқутан (Колутон) өзендерінде, олардың бүйірлік және жоғары ағысынан еріген қар ағынының қарқынды қалыптасуы және мұз құбылысының бұзылуы күтіледі», — деп мәлімдеді ол.

Облыс әкімдері: Жағдай жіті бақылауда

Айта кетейік, су басқан аймақ әкімдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріп, тасқынға байланысты жағдайдың бақылауда екенін баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті», – деп хабарлады Ақорда.

Облыс әкімдері президентке өңірлердегі ахуал жайында, табиғи апатпен күресу және су тасқынының зардаптарын жою үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берген.

Олардың сөзінше, су тасқынына қатысты жалпы жағдай жіті бақылауда. Табиғи апатпен күресу үшін адам күші де, техника да жеткілікті.

Су тасқынына байланысты ахуал

Қазақстанның 7 жол учаскесінің 3206 метріне су жайылған. Осыған орай 14 автомобиль жолдарында қозғалысқа шектеу енгізілген.

«2024 жылғы 8 сәуірдегі сағат 07:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Атырау, СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарының7 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 3206 метр болатын су тасқыны болды»,- делінген баспасөз хабарламасында. 

«Қазавтожол» хабарлауынша, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар 14 автомобиль жолдарында ұзындығы 679 км қозғалысқа шектеу қойылған.

Сондай-ақ оқыңыз