Қызылорда облысындағы ирригация жүйелерінің нашарлығынан жыл сайын 2 млрд текше метр су ысырап болады – сенатор

Жарияланды (жаңартылды )
Ирригациялық жүйелердің нашарлығынан, су шығыны жыл сайын артып барады / Коллаж: kursiv.media

Қызылорда облысындағы ирригациялық жүйелер әр түрлі органдарға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Осының салдарынан суару жүйелері нашарлап, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады. Бұл елдегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы. Осындай дерек келтірген сенатор Руслан Рүстемов Сырдария су объектілерін республикалық меншікке беруді талап етті.

Премьер-министрге депутаттық сауал жолдаған Руслан Рүстемов елдегі су ресурстарының мүмкіндігін сынады. Ол біздегі жағдай көрші мемлекеттермен салыстырғанда өте шектеулі екенін атап өтті.   

«Соның ішінде  шеткі аймақтардан келетін су ағынына неғұрлым тәуелді саналатын өңірлердің қатарында Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейні де бар. Жылдар бойғы табиғи тепе-теңдіңктің бұзылу салдарынан пайда болған Арал теңізінің трагедиясы әлемдік деңгейдегі жараға айналды. Сырдағы су тапшылығы мәселесін кешенді шешпесе, таяу келешекте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатер төнуі мүмкін»,- деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, осындай күрделі кезеңде Сырдағы су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды. Суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін барлық су нысандарын республикалық меншікке алатын кез жеткенін мәлімдеді. Алайда депутат пікірінше, бұл мәселені Су ресурстары және ирригация министрлігі созып келеді. 

 «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған. Бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен. Ирригациялық жүйелер әр түрлі органдарға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады, бұл еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы», – деді сенатор Рүстемов.

Депутат облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасына енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ Сырдарияның су объектілерін беру процесі 2016 жылы іске қосылуы тиіс болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін су объектілері республикалық меншікке әлі қабылданбаған. Сенатор осыған байланысты Премьер-Министрден ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиорациялық жағдайды жақсартуды сұрады. Қызылордадағы су тапшылығы жағдайында суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін осы объектілерді республикалық меншікке қабылдауға жәрдемдесуді сұрады.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов  Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 трлн теңге қажет екенін айтқан еді.

«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді  жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 трлн теңге қажет», – деді министр.

Сонымен қатар министр Үкімет қаулысымен бекітіліп стратегиялық объект ретінде қаралатын 87 су қоймасы бар екенін атап өтті.

«Стратегиялық деу себебі төтенше жағдай болғанда қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан олар ерекше бақылауда», – деді министр.

Сондай-ақ министрлік пен жергілікті атқарушы органдар жыл сайын су қоймаларына көп факторлы зерттеу жүргізетіні айтылды. Осының нәтижесінде су қоймалары қауіпсіздігі декларациясы қабылданады.

«Биылғы жылы республикалық бюджеттен министрлікке 1,5 трлн теңге бөлінген. 40 су қоймасының қауіпсіздік жұмысы жүргізіледі», – деді министр.

Еске сала кетер болсақ, бүгін Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыз