Сенатор Қазақстанның ұн экспортын шектеп отырған елдерге қарсы шара қолдануды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Экспорттың төмендеуінен қазақстандық ұн тарту кәсіпорындары зардап шегуде / Фото: kursiv.media

Елімізде ұн экспорты төмендеп кетті, ал шетелге астық сату – өсіп барады. Ұнның орнына астық сатып алу және өз диірменін жұмысқа пайдалану шетелдік әріптестерге тиімді екені даусыз. Ал бұдан қазақстандық ұн тарту кәсіпорындары зардап шегуде. Осылай деп мәлімдеген сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов отандық ұн тартушылардың мәселесін көтерді.

Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның сыртқы нарықтарына бидай мен ұнды тең қолжетімділік жағдайында жеткізеді. Біздің бидайды импорттаушы елдер тарифтік емес сауда шектеулерін жасап, біздің ұнның импортын тежеп, өз өңдеулерін дамытуда. Сенатордың айтуынша, 2023 жылы бидай ұнының экспорты 23%-ға төмендеген. Мұның бір себебі – Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға бидай мен ұнды бірдей шарттармен беріп отыр.

 «Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның сыртқы нарықтарына бидай мен ұнды баршаға бірдей шарттарымен береді. Біздің бидайды импорттаушы елдер саудада тарифтік емес шектеу шараларын іске қосады. Біздің ұн импортын тежей отырып, өздерінің өңдеу өндірісін дамытуға күш салады. Мысалы, Өзбекстанда импорттық баж салығы импорттық астық үшін 0%, импорттық ұн үшін 10% құрайды. Нәтижесінде Қазақстаннан Өзбекстанға ұн экспорты үш есе, 1 млн 300 мың тоннадан 420 мың тоннаға дейін төмендеді. Осы кезеңде бидай дәнінің экспорты 658 мың тоннадан 3 млн тонна болып, 4,5 есеге дейін өсті. Мұндай жағдай көршілес Орталық Азия елдерінде де қалыптасып отыр», – деп атап өтті сенатор.

Қазақстанның Ресейден астық әкелуге салған тыйымы да жағдайды жақсартпады. Сенатордың пікірінше, соның салдарынан біздің нарыққа астықтың орнына ресейлік ұн қарқынды түрде келіп жатыр.

 «Ресейлік арзан астықты тежеу үшін Қазақстан лицензияланған кәсіпорындар мен ұн тартатын зауыттар мен құс фабрикаларын қоспағанда,  автомобиль және теміржол арқылы бидай импортына шектеу енгізді. Бұл жағдайлар Ресейден Қазақстан аумағына жаппай ұн әкелуге алып келді. Импорт көбінесе контрабандалық жолмен, салық төлемей және фитосанитарлық және санитарлық талаптарды сақтамай жүзеге асады», – деді Сұлтан Дүйсембинов.

Елдің ұн тарту өнеркәсібінің одан әрі тоқырауына жол бермеу үшін сенатор Үкімет басшысына экспортқа ҚҚС-ты оңайлатылған әдіспен қайтаруды ұсынды. Бұдан бөлек саудада Қазақстанға қатысты тарифтік емес және тарифтік шектеу шараларын жүзеге асырған елдерге дәл сондай шаралар енгізуді қамтамасыз ету қажет деп есептейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімнің өңдеуге тапсыратын көлемін субсидиялау тетіктерін әзірлеу керектігін де атап өтті. Сондай-ақ  теміржол тасымалындағы үздіксіз тасымалдау  процесін шешуді ұсынды. Депутат «Бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай экспорттық құрылым құрылуы тиіс деп есептейді.

Қазақстан бидай экспортынан аз ақша таба бастады

Айта кетейік Қазақстанның бидайын шет мемлекеттер аз сатып ала бастады. Еліміз биыл қаңтарда шетелге 104,4 миллион долларға бидай мен меслин сатқан. Бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 44%-ға төмен. 2022 жылғы қаңтарда да экспорттың төмен болғаны байқалады – 41%. Бірақ тарихта бидай экспорты бұлай төмендеп көрмеген деуге келмейді. Бұдан да төмен көрсеткіштер болған.

Физикалық тұрғыдан алғанда, экспорт та айтарлықтай төмендеді: биыл бұл көрсеткіш 490 мың тонна болса, 2023 жылғы қаңтардан 22% аз, ал 2022 жылғы қаңтардан 19% төмен.

Нақты елдер бойынша азырақ көлем, мысалы, Өзбекстанға (249,2 мың тонна, 20% аз), Ауғанстанға (23,4 мың тонна, -68%) кетті. Кейбір елдер қаңтарда сатып алу көлемін ұлғайтты: мысалы, Тәжікстан былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда сатып алу көлемін 53%-ға ұлғайып, 80 мың тонна сатып алды.

Былтыр бидай экспортының бағасы арзандады

Айта кетейік, былтыр да Қазақстандағы бидай экспортының бағасы арзандап, жөнелту қарқыны баяулаған еді.

Қазақстандағы бидай экспорты 2023 жылы қиындық көрді. Оған астық бағасының тым төмендеп кетуі, сонымен бірге сыртқы нарықтағы басты тұтынушы ел – Иранның біздің ел өнімдерінен бас тарта бастағаны себеп. Осыған байланысты, Қазақстан бидай экспортының көлемін азайтты.

Сондай-ақ оқыңыз