Apple жасанды зердемен жұмыс істеуге бағытталған M4 процессорын әзірлеуде –Bloomberg

Жарияланды
Apple ЖИ жұмыс істеуге бағытталған M4 процессорын әзірледі/Фото: Unsplash/Wes Hicks

Apple жыл соңына дейін жасанды интеллектімен жұмыс істеуді қамтамасыз ететін жаңа буын процессоры — M4-ті бар Mac компьютерлерін шығара бастайды. Компания iРhone және Mac компьютерлеріне арналған бағдарламалық жасақтаманы оффлайн жасанды зерде мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жаз мезгілінде жарыққа шығармақ. Бұл жаңалықтар жарияланғаннан кейін Apple акциялары шамамен 5%-ға қымбаттады.

Толығырақ

Bloomberg-тің ақпаратына сүйенсек, Apple M3 процессорын бүкіл Mac желісіндегі M4-ке ауыстыруды жоспарлап отыр. 2024 жылдың соңынан бастап жаңартылған iMac, бюджеттік 14 дюймдік MacBook Pro, 14 және 16 дюймдік премиум MacBook Pro және Mac mini шығарыла бастайды. 2025 жылы жаңа M4 13 және 15 дюймдік MacBook Air, Mac Studio және Mac Pro-ға орналастырылады.

M3 чиптері бар алғашқы Mac компьютерлері небәрі бес ай бұрын шыққан. Бірақ компания қазірдің өзінде M3 өніміне пайдаланушылар онша қызығушылық танытпағандықтан, жаңа буын өнімін шығару жылдамдатылды. 2022 жылы шарықтау шегіне жеткен Mac сатылымы былтыр 27%-ға төмендеді, деп жазды Bloomberg.

Apple маусым айында жыл сайынғы конференцияда macOS-тың жаңа нұсқасында жасанда интеллект деректерін өңдеу мүмкіндіктері туралы айтпақшы. Сондай-ақ компания iPhone процессорын жаңартуға және ЖИ-ті жаңа iOS-қа енгізуге ниетті. Бірақ бұл жаңартудың уақыты туралы хабарланған жоқ.

Apple жасанды интеллектіні әзірлеу және қолдану саласында алға жылжуда. Жасанды зерде саласы бойынша ол Microsoft, Google және басқа технологиялық бәсекелестерден артта қалды деп саналады. Жаңа чиптер үлкен жоспардың бөлігі атанды. Компания барлық өніміне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізбек.

Жақында Apple өзінің электромобильдерін жасаудан бас тартты. Бірақ Bloomberg компанияның жеке робототехниканы дамыту бойынша зерттеулер жүргізіп жатқанын анықтады. Роботты құрылғылар Apple үшін 1984 жылы Mac компьютерлерін және 2000 жылдары iPhone мен iPad-ты шығарумен қатар компанияның «келесі үлкен оқиғаларының» бірі бола алады.

Акция

Жаңалықтар жарияланғаннан кейін Apple акциялары 4,3% – ға өсіп, 175,04 долларға жетті. Бұл соңғы 11 айдағы бір күндегі ең үлкен өсім. Осы жылдың басынан бері компанияның акциялары 13%-ға арзандады.

Сондай-ақ оқыңыз