HalykFinance сарапшылары шетелдіктерге жанар-жағармайды қымбатқа сату – аса тиімді қадам емес деп тұжырымдайды

Жарияланды
Шығарушы редактор
бағасын
Жанар-жағармай бағасын реттеу қаншалықты тиімді? Фото: kursiv.media

HalykFinance сарапшылары Қазақстан үкіметі мұнай және мұнай өнімдері нарығына еркіндік беруі керек тұжырымдайды. Ал шетелдіктер үшін бензин бағасын қымбаттату – уақытша ғана нәтиже беретін қадам.

«Үкіметтің шетел азаматтары үшін жанар-жағармай (АИ-92, АИ-93 бензині, дизель отыны) бағасын көтеру туралы ұсынысы – тағы да нарыққа араласу мысалы. Бұл шаралар уақытша әсер бергенімен, тұтастай алғанда, мәселенің мәнін шеше алмайды», – делінген шолуда.

Сарапшылар экспортқа толық тыйым салу, сатып алу көлемін шектеу немесе сараланған тариф енгізу сынды әкімшілік құралдардың тиімсіз екенін атап өтті.

«Мұнай мен мұнай өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бағасы арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу және осы саланың тұрақты дамуы үшін ең алдымен экономикалық тәсілдер қажет. Оларға экспорт пен импортты ырықтандыру, ашық нарықтағы сауда, негізгі мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру, шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің ішкі бағасын шектеу және субсидиялау саясатын тоқтату жатады», – делінген шолуда.

HalykFinance Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) ортақ энергетика нарығын құру жоспарына байланысты, Қазақстан 2030 жылға қарай мұнай өнімдері нарығын ырықтандыру туралы заң дайындап жатқанын атап өтті. Алайда сарапшылар бұл жоспардың жүзеге асатынына күмән келтіреді. Өйткені бұндай ұсыныстан 2000-жылдардан бері айтылып келеді.

Мамандар ішкі нарықта шикі мұнай сатып алу құны оның экспорттық бағасынан 55-70 пайыз төмен екеніне назар аударған. Нәтижесінде ЕАЭО-ға мүше өзге елдермен салыстырғанда, айтарлықтай арзан жанармайды Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялар субсидиялайды. Жанар-жағармай бағасын қолмен реттеу нәтижесінде көп пайдадан қағылып жатқан мұнай компаниялары ішкі нарыққа мұнай сатуға ынталы емес. Ал инвесторлар жаңа мұнай кен орындарына инвестиция салғысы келмейді. Бұған қоса, мұнай өнімдерін Ресей мен Қырғызстан сынды көрші елдерге жасырын жеткізу деген тағы бір түйткіл бар.

Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынын қымбаттатпақ. Бұйрық жобасына сәйкес, шетел азаматтары үшін АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне – 245 теңге, дизель отынының бағасы литріне – 315 теңгені құрайтын болады.

Министрлік бұл елдегі бағаны реттеу және мұнай өнімдерінің көрші елдерге ағынын тоқтату үшін жасалған қадам екенін айтқан. Себебі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз