Су тасқынынан зардап шеккендердің несие төлемі 3 айға кейін шегеріледі: банктер мен микроқаржы ұйымдары қандай қолдау көрсетпек?

Жарияланды
Шығарушы редактор
зардап шеккен
Су тасқынан зардап шеккендердің несиесі қалай өтеледі? Фото: kursiv.media

Су тасқынынан зардап шеккен халықтың несие төлеу мерзімі 3 ай – 2024 жылдың 30 маусымына дейін кейінге шегерілді. Осы кезеңде несиесін төлемегені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі су тасқынынан зардап шеккен борышкерлерге банктер мен микроқаржы ұйымдары қандай қолдау көрсететінін жариялады.

Несие төлеу мерзімі кейінге шегерілуі үшін су басқан өңірлердің тұрғындары жергілікті әкімдіктің тізімінде болуы керек. Осы тізімге сәйкес, банктер несие төлемін автоматты түрде кейінге қалдырады. Зардап шеккендерге несиені үш ай төлемегені үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер, орта және шағын бизнес өкілдерінің де несие төлемдері олардың өтініші негізінде кейінге қалдырылмақ. Ол үшін кәсіпкер өз банкі мен микроқаржы ұйымына өтініш беруі керек. Өтінішті банк пен МҚҰ-ға бармай-ақ, қашықтан беруге болады.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары әрбір борышкердің қандай зиян шеккенін анықтау үшін жеке талдау жүргізеді. Соның нәтижесінде қосымша қолдау көрсету шаралары анықталмақ.

Банктердің су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегеретіні бұған дейін де хабарланған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның сегіз облысында төтенше жағдай режимі сақталып тұр. Бүгінге дейін 97 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындары толық өтеледі деп мәлімдеген.

Ал Мәжіліс депутаттары шаруалардың несиесін төлеуді 3 жылға кейін шегеруді ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Мақсат Толықбай елдегі су тасқыны бойынша қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бірнеше ұсыныс айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз