Оқу-ағарту министрлігі балаларды бірінші сыныпқа қабылдау емтихандарынан босатқысы келеді

Жарияланды
Оқу-ағарту министрлігі балаларды бірінші сыныпқа қабылдау емтихандарынан босатқысы келеді / коллаж kursiv.media

Оқу-ағарту министрлігі балаларды бірінші сыныпқа іріктеуге арналған қабылдау емтихандарын алып тастауды жоспарлап отыр.

«Ашық НҚА» сайтында «ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулы жарияланды. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген құжат 2024 жылдың 24 сәуіріне дейін қоғамдық талқылауда болады. 

Тұжырымдама авторлары мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш мектептің жұмысын сәйкестендіріп, «балаларды тәрбиелеудегі сабақтастықты қамтамасыз етуді» көздеп отыр.

«Баланың даму картасы негізінде оны оқытудың жеке траекториясы анықталады, сондай-ақ мектепке психологиялық-эмоционалдық дайындығы ашылады, содан кейін жеке деректердің құпиялылығын қамтамасыз ете отырып, бастауыш мектепке беріледі. Барлық бала қабілетті және барлық бала тең. Сондықтан мектепке қабылдау үшін іріктеу мақсатындағы тестілер өткізілмеуі керек», – делінген құжатта.

Бірақ түрлі себеппен мектепке дайын болмаған, бірақ 1-сыныпқа қабылдануға жасы жеткен балаларға мектептерде бейімделу бағдарламасы ұсынылады. 

Айта кетейік, 11 сәуірде министрлік су тасқынынан аса зардап шеккен өңірлердегі оқушылар ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатылғанын хабарлаған

«Білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 мектеп босатылды. Алты өңірде мониторинг 15 сәуірден 22 сәуірге ауыстырылды (Ақмола, Атырау, Ақтөбе, СҚО, Қостанай және БҚО). Қалған өңірлерде оқу штаттық режимде жүргізілуде», – деді министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады.

Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата-анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Сонымен қатар: 

  • №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама;
  • 026/у-3 баланың денсаулық паспорты;
  • баланың екі дана 3х4 фотосуреті тапсырылады.

Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыз