Жаңалықтар

Бозымбаев желіде су тасқынына қарсы штабтардың жалған парақшасын құрғандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті

Бозымбаев желіде су тасқынына қарсы штабтардың жалған парақшасын құрғандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті / Ақорда

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев желіде су тасқынына қарсы штабтардың жалған аккаунттарын ашып, ақпарат тартушыларға ескерту жасады.

Үкімет баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Ақпаратқа сүйенсек, әлеуметтік желіде жалған ақпараттың тарауы табиғи апатпен күресіп жатқан адамдардың жұмысын қиындатып жатыр. Вице-премьер атап өткендей, мұндай жалған ақпараттар қоғамда, әсіресе, зардап шеккен өңірлерде жиі дүрбелең тудырады.

«Осындай жалған хабарламалардың немесе Төтенше жағдаймен күрес жөніндегі штабтардың жалған аккаунттарының барлық авторына бұл ақпаратты жариялаудағы жауапкершілік туралы ескерткім келеді. «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң бар, оған сәйкес пайдаланушылар орналастырылған және таратылатын мазмұнның дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты таратпауға, сондай-ақ мұндай ақпаратты және кез келген заңсыз мазмұнды жоюға міндетті. Тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады», — деп атап өтті Бозымбаев.

Бозымбаев мұндай фактілер үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Су тасқынына қатысты ахуал

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Мамыр ауылының тұрғындарын төтеншеліктер көшірді. Оған Торғай өзенінде су деңгейінің көтерілуі себеп болған. ҚР Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен ауыл адамдары Ырғыз  ауданына эвакуацияланды. Қауіпсіздік үшін Нұра ауылының тұрғындары да көшірілді. Ақтөбе өңіріндегі су апаты салдарынан жарықсыз қалған 41 ауылда электр желісі іске қосылды. 14 елді мекенге дизельдік отын арқылы тоқ берілуде.

Ал СҚО-дағы  қоймадағы су деңгейі 8 метрден асты. Есілдің суы Петропавл қаласының Заречный, Мичурино, Прибрежный кенттеріне кіре бастады. Қызыл су Ойқала мен Тері зауыты аудандарына қарай жылыстап ағуда.

Бүгін Ақмола облысының Атбасар қаласын су басты. Атбасар жанындағы Жабай өзенінің суы күрт көтеріліп, тұрғындарды эвакуацияланған. Жалпы Жабай, Есіл, Жаныспай, Қызылсу өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақмола облысының Есіл, Жарқайың және Атбасар аудандарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Атырау облысы Жайық өзенінің тасуына алдын ала қам жасауда. Гидромамандар өзен арнасындағы су деңгейі 6 метрге жетеді деп болжаған. Жайық жағалауын бекітуге 2225 бюджеттік мекеме қызметкерлері, 3254 ерікті жұмылды. 820 арнайы техника іске қосылды. Су тасқынын тоқтатуға 58,5 шақырым бөгет тұрғызылды.