Ұлытау облысындағы Үшшоқы кен орнында алтын өндіретін фабрика іске қосылды

Жарияланды (жаңартылды )
Үшшоқы кен орнында алтын өндіретін фабрика іске қосылды / BASS Gold

«BASS Gold» ЖШС Ұлытау өңіріндегі Үшшоқы кен орнында жаңа алтын өндіру фабрикасын іске қосты. Бұл туралы компания KASE-ге хабарлаған.

Фабрика кенді өңдеудің толық циклін жүзеге асырып, Доре қорытпасы түріндегі өнім шығарады. Компанияның хабарлауынша толық өндірістік күшіне енгенде жылына 72 мың тонна кен өңдеп, айына 20,8 келі, жылына 250 келіге жуық алтын өндірмек.

«Фабриканы қазан-сәуір айларының аралығында салдық. Кенді сілтісіздендіруге арналған жабдықты Қытайдан сатып алдық, қалғанының барлығы қазақстандық өндірушілердің өнімдері. Фабрикамызда Ұлытау және Қарағанды ​​облыстарының тұрғындарына жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, біз Қазақстанның алтын қорын толықтырамыз», – дейді «BASS Gold» ЖШС бас директорының орынбасары Ермек Ілиясов.

Компания бұған дейін «Тау-Кен Алтын» ЖШС-мен келісім-шартқа отырғаны туралы хабарлаған. Серіктестік аясында алтын айыру фабрикасында өндірілген өнімдер соңғысының аффинаждық зауытына жеткізілмек.

Айта кетейік, 2023 жылы BASS Gold Үшшоқыда 50,4 мың тонна алтын кенін өндірді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35%-ға артық. Сондай-ақ компания тоннасына орташа алтын мөлшері 3,7 грамм болатын 36,5 мың тонна тауарлық кен сатты. Компания 2024 жылы Үшшоқы кен орнын игеру бойынша жоспарлы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеген еді. Компанияның активтеріне Ұлытау өңірінде орналасқан Үшшоқы және Алматы облысындағы Чинасыл-сай алтын кен орындары кіреді.

Бұған дейін аталған компанияның Қазақстанның Қор биржасында 10 млн доллар көлемінде бір жылдық долларлық облигация орналастырғаны туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз