KMF микроқаржы ұйымы банкке айналу процесін жыл соңына дейін аяқтамақ

Жарияланды
KMF банкке айналу процессін жыл соңына дейін аяқтамақ / kursiv.media

«KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы 2024 жылы екінші деңгейлі банкке айналуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның 2023 жылға арналған қаржылық аудиторлық есебінде жазылған.

Есепте «KMF МҚҰ» ЖШС ақпанда қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешімге сәйкес, ұйымдық-құқықтық нысанын – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға қайта құруға кіріскені көрсетілген.

Қатысушылар жиында «KMF» микроқаржы ұйымы» АҚ жарғысын бекіту туралы шешім қабылданғаны атап өтілді.

«МҚҰ қатысушылары МҚҰ акционерлік қоғамының алқалы атқарушы органы – басқарма құру және акционерлік қоғам басқармасының құрамын бес адамнан анықтау туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады компания.

2023 жылға арналған аудиторлық есепке сүйенсек, компанияның жарғылық капиталындағы үлестің 60,435%-ы KMF-Демеу Корпоративтік Қорына тиесілі.  16,627%-ы – MultiConcept Fund Management S.A., 9,585% – заңды иесі Triodos Funds B.V., 7,085% – Triodos SICAV II, 0,042% – responsAbility SICAV компаниясының иелігінде.

Бұл ретте компания үшін бақылаушы тарап – АҚШ-та тіркелген коммерциялық емес ұйым ACDI/VOCA. Аталған компания бақылаушы қатысушы – KMF-Демеу корпоративтік қорының жалғыз құрылтайшысы.

Айта кететіні, микроқаржы ұйымы 1997 жылы USAID қолдауымен құрылды. Бастапқыда «Қазақстандық қоғамдастықты несиелеу қоры» деп аталды. Кейінірек атауы KMF МҚҰ деп өзгертілді.

2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, компанияның активтері 288,3 млрд теңгені, міндеттемелері 236,1 млрд теңгені құрады. Меншікті капитал 52,2 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылы МҚҰ таза пайдасы KMF 2022 жылы тапқан 52,3 миллиард теңгемен салыстырғанда шамамен 2,5 миллиард теңгені құрады.

2022 жылғы шілдеде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын, бағалы қағаздар нарығын және банк ісін реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Жаңашылдықтардың бірі микроқаржы ұйымдарына әсер етті. Енді микроқаржы ұйымдары банктік лицензия алғанға дейін микроқаржы қызметін тоқтатпай, конверсиялық механизм арқылы екінші деңгейлі банктерге айнала алады.

Бұған дейін KMF банкке айналу ниетін растаған. Ақпан айында микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50 млрд теңгеге жеткені туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз