Әскери билет электронды форматқа ауысты – Қорғаныс министрлігі

Жарияланды
военный билет
Әскери билет туралы деректер «Е-Еңбек» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік мекемелерде «Е-Қызмет» ресурсында болады / Фото: kursiv.media

Әскери билет цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жайлы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмысқа орналасу немесе оқу орнына қабылдау кезінде құжатты түпнұсқада ұсыну туралы талап алынып тасталған.  

«Енді жұмыс беруші азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді egov.kz электрондық үкімет ресурсын пайдалана отырып, автоматты түрде алады», – делінген құжатта.

Қорғаныс министрлігі өзінің электронды жүйесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, интеграциялаған. Бұл өз кезегінде жұмыс берушінің сұрауына автоматты түрде жауап алуына мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бұл құжатты алу мерзімін айтарлықтай қысқартқанын айтады.

«Өткен жылдан бастап осы процестерді цифрландыру жөнінде жұмыс жүргіздік. Атап айтқанда, ақпараттық жүйені әзірлеп, оны басқа мемлекеттік органдардың мәліметтер базасымен біріктірдік. Инновация кадрлық қызметтердің жұмысын жеңілдетеді. Сонымен бірге азаматтардың анықтама алуға кететін уақытын қысқарттық. Егер бұрын бұл процестер бірнеше аптаға созылса, бүгінде бір күнде жасалады», – дейді Ахмедиев.

Жеке ұйымдар «Е-Еңбек» ақпараттық жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде «Е-Қызмет» ресурсын пайдалана отырып, қызметкерлерге есеп жүргізе алады.

Жалпы заңнамаға сәйкес заңды тұлғалар азаматтарды жұмысқа алғанда олардың әскери қызметіне қатысты деректерін тіркеуге міндетті. Сол үшін де жұмыс орны жұмысқа тұратын қызметкерден әскери есепке алу құжаттарын талап ететін.   

Айта кетсек, әскери билет Қарулы күштер қатарында, басқа да әскери құрылымдарда қызмет өткерген азаматтарға беріледі.

Еске сала кетсек,  2024 жылғы 30 маусымға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскери құрылымдардың қатары 20 мыңнан астам ер-азаматпен толығады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар алынады. Оның ішінде Қарулы Күштерге 9 мың, Ұлттық ұланға 6 мың, Шекара қызметіне 3 мың, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300, мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам қабылданбақ.  

Сондай-ақ оқыңыз