Мүгедек жандарға бөлінген қаражатты ұрлаған: Павлодар облысының шенеунігі 9 жылға сотталды

Жарияланды
Павлодар облысының
Павлодар облысының шенеунігін сот кінәлі деп таныған / Фото: kursiv.media

«Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысының орынбасары мен «Арт-Class» ЖШС компаниясының атқарушы директорына қатысты сот үкімі шықты. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, басқарма мемелекеттік сатып алу негізінде  «Арт-Class» ЖШС  және «Аюм и Д»  ЖШС-мен зағип және саңырау жандарға арналған бағдарламасы бар ноутбук, ұялы телефондарды алуға жалпы сомасы 476 млн теңгеге шарт жасаған.

Бірақ іс жүзінде бұл өнім құжатта көрсетілген сомаға алынбаған. ҚМА «Қамқор» жедел алдын алу шара аясында бұл өнімдердің құжатта көрсетілген бағадан арзанға алынғаны, салдарынан жалпы сомасы 133 млн теңгеге залал келтірілген белгілі болған.

Сарапшылардың қорытындысы бойыншы қосалқы техникалық құралдардың сипаттамалары конкурстық құжаттаманың техникалық шарттарында көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмеген.

ҚМА мәліметінше, облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ал тауар жеткізуші 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды.  

«Сонымен бірге жеткізушіге қатысты банктегі шотқа айырбастау жолмен алынған қаражатты заңдастыру және кәсіпкерлік қызметпен айналысып, 25 млн теңгеден астам пайда табу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- делінген агенттік хабарламасында.

ҚМА хабарлауынша техниканы жеткізушіден мемлекет пайдасына 133 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылған.

Ал өткен жылдың күзінде Қызылорда облысының шенеунігі өзі басқаратын мекемеден өзінің компаниясына ақша аударып, 101 млн теңге жымқырғаны белгілі болды. Мемлекеттік бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасап, 101 млн теңгені иеленген Қызылорда облысының лауазымды тұлғасына 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз