Үкімет қаулысымен су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қостанай облысы Арқалық қаласының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін Үкіметтің төтенше резервінен 405 млн теңге бөлінді. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл қаражат Арқалық қаласының үйлері қалпына келтіруге жарамай қалған отбасыларға беріледі. Қаражат 2024 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Үкіметтің төтенше резервінен бөлінген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша Қостанай облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақтала бастаған. Бүгінде үлкен судың қарқыны бәсеңдеп, қауіптің беті қайта бастаған. Соған орай қалалық және аудандық әкімдіктер табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан мүлкі бүлінген азаматтардан материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді қабылдаған.
«Бағалау комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша шешім қабылданды. Сонымен бірге Арқалық қаласында және басқа да елді мекендерде үйлерді тексеру жұмыстары жалғасуда»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Қаржыландыру ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы комиссияның бағалауына сәйкес нысаналы трансферттер түрінде Қостанай облысының әкімдігіне жіберілген.
Сонымен бірге Төтенше жағдай режимі жарияланған басқа облыстарда да зардап шеккен нысандарды техникалық тексеру, бағалау және тізбесін жасау бойынша жұмыстар басталған. Үкімет хабарламасында қауіп басылған соң су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселелері де шешілетіні айтылған.
Еске салсақ, Қаржы министрі Мәди Тәкиев Су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылғанын айтқан болатын. Ол бұл қаражат жетпесе, үкімет резерві бар екенін еске салды.
«Өтемақы қаражаты жергілікті бюджетте пысықталады. Төтенше жағдайларға жергілікті резервтен 26 млрд теңге қарастырылған. Ол жетпесе бізде үкіметтің резерві бар», – деді министр.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін жеткізді.
«Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.