“Хәрри Поттер” авторы Жоан Роулиң фильм жұлдыздары Эмма Уотсон және Дэниел Рэдклиффпен сөзге келіп қалды

Жарияланды
«Хәрри Поттер» авторы Жоан Роулиң фильм жұлдыздары Эмма Уотсон және Дэниел Рэдклиффпен сөзге келіп қалды / коллаж kursiv.media

Көпке танымал «Хәрри Поттер» романдар желісінің авторы Жоан Роулиң роман кейіпкерлерін жандандырған фильм жұлдыздары Эмма Уотсон және Дэниел Рэдклиффпен гендерлік ерекшелік мен құқық тақырыбына қатысты тағы да сөзге келіп қалды.  

Жазушы «жұлдыздарды» өз платформалары арқылы жастардың «көзқарасын өзгертуін» қолдады деп айыптап сынады. ВВС Рэдклифф пен Уотсоннан жазушының соңғы пікіріне жауап беруді сұрады. Роулиң одан бөлек 18-ге толмаған балаларға гендерлік идентификация бойынша көрсететін қызмет туралы наразылық тудырған пікірге шолу жасаған. Даудың басы 2020 жылы басталған еді. Аталған екі актер 2020 жылы Роулиңнің гендерлік ерекшелікке қатысты пікіріне қарсы шықты.

Осы сәрсенбіде Cass Review басылымы кәмелет жасқа толмаған балалар жынысын ауыстыру үшін «мардымсыз» себеп айтса да, бұл олардың жыныс ауыстыруына жеткілікті себеп болатынын жазған. Роулиң бұл рұқсатқа қатысты «шектен шығу» деген пікірін білдірді. 

Әлеуметтік желіде бір қолданушы жазушыға «Дэн мен Эмманың сізден көпшілік алдында кешірім сұрап, сіздің оларды кешіретініңізді жақсы білемін, тыныш күте тұрайын» деп пікір қалдырған. «Хәрри Поттер» авторы болса «тыныш отырмаңыз, бұл мәселе мені қатты уайымдатады» деп жауап берген.

«Онсыз да қиындықпен келген әйелдер құқығына қатысты заңның күшін жоюға жұмылған, сонымен бірге өз парақшаларын жастардың жынысын ауыстыруды қолдауға пайдаланған жұлдыздар кешірімін травмасы бар жыныс ауыстырғандар мен бір жынысты қоғамға тәуелді құқығы қорғалмаған әйелдер үшін сақтай тұрсын», – дейді Жоан Роулиң. 

Роулиңді гендерлік ерекшелікке көзқарасы мен жынысын ауыстырған «әйелдерді» тек әйелдерге арналған жерлерге кіргізуге қарсылық білдіргені үшін көпшілік сынға алды. Жақында жазушы бірнеше трансгендер әйелді «еркек» деп атағаны үшін жаңа қабылданған өшпенділік туралы заң аясында Шотландия полициясынан өзін қамауға алуын талап етті. Осы ретте Жоан Роулиңнің Шотландияда тұратынын айта кеткен жөн. Алайда полиция қандай да бір шара қолданудан бас тартты. 

Жазушыны даттаушылар да, жақтаушылар да табылды. Автор өзінің пікіріне қатысты негатив реакцияларды жоққа шығарды. Роулиң өзін трансфобтар қатарына жатқызбайды және бұған дейін «барлық трансгендердің өздері қалағандай өмір сүру құқығын» сыйлайтынын мәлімдеген еді. Сонымен бірге трансгендерлер дискриминациядан және қысымнан аулақ болғанын қалайтынын жеткізді. 

«Хәрри Поттер» фильмінде басты рөлді сомдаған Рэдклифф 2020 жылы жазған Роулиңнің хаттарына «трансгендерлер мен бинар емес азаматтарды құнсыздандырмай, оларды қолдау үшін әрекет етуіміз керек» деп жауап берген еді. Сонымен қатар актер жазушының пікірі фильмнің беделіне нұқсан келтірмейді деп сенетінін де жасырмады. 

Эмма Уотсон болса «трансгендерлер күнделікті тергеуге ұшырамай, өздерін қалай сезінсе, ешкімге дәлелдемей-ақ солай өмір сүруге толық құқылы және лайық» деп жазды. Роулиң шығармасының желісімен түсірілген «Фантастикалық аңдар және олар қайда мекендейді» фильмінің жұлдызы Эдди Редмэйн де 2020 жылы «Жоанның пікірімен келіспеймін, транс әйелдер – әйелдер, транс еркектер – еркектер, бинар емес азаматтардың да бары рас» деп қарсылық танытты. «Рон Уизлиді» сомдаған Руперт Гринт те транс қауымдастықты қолдайтынын ашық айтты. «Барлығымыз қалағанымызша, қудалаусыз өмір сүруге құқылымыз», – деді ол. 

«Хәрри Поттер» фильмдерінде «Лорд Уолдемортты» сомдаған Ральф Фанс жазушыны қолдап, оған қатысты айтылған пікірлердің масқара екенін айтты. Фильмде «Беллатрис Лестрейнжді» ойнаған Хелена Бонем Картер мен Эдди Иззард та «Роулиңнің трансгендерлерге қатысты пікірі жазушының трансфоб екенін білдірмейді, қайта жеке басынан өткен зорлықтың белгісі» деген пікір айтты. Өйткені Роулиң бұған дейін трансгендерлерге қатысты пікірі тұрмыстық және сексуал зорлық-зомбылық нәтижесінде қалыптасқанын мәлімдеген. 

Сондай-ақ оқыңыз