Париж Олимпиадасы: Қазақстан ұлттық құрамасының киім үлгісіне конкурс қайта жарияланды

Жарияланды
Ұлттық құраманың киім формасының дизайнына жаңа конкурс жарияланды / Коллаж: kursiv.media

Қазақстан Ұлттық құрамасының Париж Олимпиадасына арналған киім үлгілеріне конкурс қайтадан жарияланды. Ұлттық құраманың киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеу конкурсында ешбір қатысушының эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпаған. Бұл туралы Туризм және Cпорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлады.

«Осыған дейінгі ақпан айында басталған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурста қатысушылардың ешбір эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпауына байланысты Комиссия 1-ші конкурсты өтпеді деп шешім шығарды», – делінген  хабарламада.

Ұсынылған жұмыс материалдарын арнайы комиссия қарайды. Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшыларымыз бен БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл қатарда Елдос Сметов, Серік Сапиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмилә Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Абужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсынов сынды даңқты спортшылар бар. Комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.

Конкурс екі кезеңге созылады және әрбір кезең жеңімпазы Ереже шарттарына сәйкес Комиссия отырысында анықталады. Бірінші кезеңде қатысушылардың өтініштері мен материалдар қабылданып қаралады. (2024 жылдың 15 сәуірі сағат 18.30-ға дейін). Екінші кезеңде қорытынды шығарылады, онда конкурс жеңімпазы анықталып жарияланады (16-17 сәуір 2024 ж.).

Конкурс ережесі қандай?

Спорт және дене шынықтыру комитетінің мәлімдеуінше, Париж төрінде ел намысын қорғайтын спортшылардың үстіндегі спорттық киімдерден дизайнердің кәсіби шеберлігі байқалып тұруы тиіс. Замануи спорттық киім-кешек жасау саласындағы жаңа трендтердің көрініс табуы да басты талаптардың бірі.

Еске салайық наурыз айының соңында Туризм және Cпорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Париж Олимпиадасына арналған Қазақстан Ұлттық құрамасының киім формасының үлгілерін жариялаған еді. Ашық конкурста комиссия қарауына 6 дизайнердің эскиздері ұсынылған. 6 үлгінің авторлары – Marino Madi, Vervetex, BLS GROUP,  «ЖУЗБАЙ ДИЗАЙН», Ғалия Әбенова, Ким Роман.

Сондай-ақ оқыңыз