Су тасқыны: Орынбордан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден астам су келуде

Жарияланды (жаңартылды )
Мамандар 17-19 сәуір күндері Орынбордан ірі көлемде су келеді деп болжап отыр /Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 80-нен астам елдімекені мен Жайық өзенінің бойындағы  Орал қаласын су басу қаупі төніп тұр. Бұл туралы БҚО әкімдігі мәлімдеді.

БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткеннің мәлімдеуінше өңір су тасқынының екінші толқынына күшейтілген режимде дайындалып жатыр. Өйткені көршілес Ресейдің Орынбор облысынан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден астам көлемдегі су келуде.

«Мамандардың мәліментінше, Жайық өзеніндегі су деңгейі 890-930 сантиметрге дейін көтеріледі. Қауіпті деңгей – 850 см. Бүгінгі таңда Январцево гидропостында су деңгейі тәулігіне 18 см-ге артып, 795 см-ге жетті. Орал қаласында су деңгейі соңғы тәулікте 8 см-ге көтеріліп, 736 сантиметрді құрады. Су ағынының қарқыны жылдам»,– деді БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен ОКҚ-де өткен брифингте. 

Әкімдік өкілі жағдай әлі де күрделі екенін атап өтті.  Мамандар болса 17-19 сәуір күндері Орынбор қаласынан ірі көлемде су келеді деген болжамдарын жеткізген. 

«Осыған байланысты облыстың Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 80-нен астам елді мекені мен Жайық өзенінің бойында орналасқан Орал қаласының аумағын су басу қаупі тұр. Қазіргі уақытта облыс орталығының шетіндегі 800-ден астам саяжай үйлері су астында қалды», – дейді ол.

Облыста су тасқыны басталғалы бері 13 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның 7 мыңнан астамы ересектер болса, 6 мыңға жуығы балалар. Бүгінде облыстағы 18 эвакуациялық пунктке 2 мыңға жуық адам орналастырылған. Оларға қажетті киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік дер кезінде жеткізіліп жатыр.

Бұған дейін БҚО әкімі Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті деңгейге жақындап келе жатқанын айтып, халыққа үндеу жолдаған еді.

Облыс басшысы атап өткендей өңірде су тасқынының жағдайы шиеленісіп тұр. Қазіргі уақытта Орал қаласының өзінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге  жетті. Су деңгейі әлі де артып, шекті деңгейге жақындады. Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында, сондай-ақ Орал қаласының Жайық өзенінің бойында орналасқан аудандарындағы жалпы саны 94 елдімекенді су басу қаупі бар.

«Барлық ресурсты жұмылдырдық, Жайық өзенінің жағалауындағы аса қауіпті учаскелерде бөгеттер салынуда. Жағалауды нығайту жұмыстарына 200 бірлік техника жұмылдырылып, 1000-ға жуық адам тартылды. Басқа аудандарда да алдын алу шаралары қабылдануда», – деді Төреғалиев.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына су тасқыны жағдайы бойынша үндеу жариялағанын еске салып, апаттан зардап шеккен әр тұрғын көмексіз қалмайтынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз