Думскроллиң: жағымсыз жаңалыққа ұмтылыстың себебі неде?

Жарияланды
Думскроллиң деген не?/kursiv.media

Қазіргі елімізде болып жатқан жағдайлар әр азаматты алаңдатып отыр. Үйлерді су басып жатқаны, тұрғындардың жиған-тергенінен айырылып қалғаны сөзсіз жүрекке тиеді. Оның алдында пандемия, көрші елдегі тұрақсыздық сынды факторлар да жеңіл болмады. Мұндай кезде жаңалық ағыны да артып кетеді. Оқыған сайын елең көбейеді. Осындай күйді сипаттайтын арнайы термин бар. Ол — думскроллиң. Бүгін осы туралы айтамыз. 

Думскроллиң деген не?

Адамдардың қанша жерден негатив ақпараттың депрессияға әкеп соғатынын біліп тұрса да, жаңалықтар лентасын еріксіз қарай беретін күйін «думскроллиң» деп айтады. Бұл термин ағылшынның «doom» (қайғылы жағдай) және «scrolling» (әлеуметтік желі мен онлайн платформалардағы ақпаратты тоқтаусыз қарай беру) деген екі сөзінен шыққан. 2018 жылдары енгізілген. Психолог Тесс Бригемнің айтуынша, думскроллиң болып жатқанын кезекті бір оқиға туралы оқып отырып, оны қалай және қашан ашқаныңызды байқамай қалған кезде байқауға болады. 

Термин 2020 жылы сәуір күнгі Los Angeles Times-қа шыққан мақалада қолданылғаннан кейін тіпті таныла түсті. Ол коронавирустың өршіп тұрған кезі еді. Жаңалық тарататын әлеуметтік желінің де, медианың да аудиториясы кеңейді. Үйден шықпай отырған адамдар смартфонға телміріп, жаңалық оқумен көп уақыт өткізетін. Әрі ахуалды бақылап отыру үшін де қайта-қайта қарағыштайтын әдет пайда болған еді. Сол кездері жасалған зерттеулерде «Әлеуметтік желідегі паника пандемиясы коронавирустан да тез таралады» деген ұйғарымдар да жасалған. Одан қала берді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 ошақтарымен ғана емес, сол індеттің айналасында жүріп жатқан инфодемиямен де күресіп жатқанын айтқан. Бертін келе бұл терминді пандемиямен ғана байланыстырмай, жалпы мазасыз күйге, елең-алаң халге түсіретін кез келген жағдайға байланысты жиі қолданатын болып кетті. Тіпті 2020 жылы ең көп пайдаланылған терминдер қатарынан doomscrolling де табылды. Бұл сөз әлі де өзекті.     

Жанымыз жағымсыз жаңалыққа неге құмар?

Негізі адам миы негатив жаңалықтарды жақсы көреді деседі. Бұлай деуімізге бірқатар зерттеу дәлел болады. Мәселен Охайо штатындағы Векснер медиициналық орталығының психиатры Кен Йеджер мұны былай түсіндіреді: «Біз ақпаратты жағымсыз қабылдауға бейімбіз. Мидағы программа солай жазылған. Сөйтіп ақпаратты зерттеуге кірісеміз. Ол бізге физикалық зиян тигізуі мүмкін. Сол себепті қауіпті алдын-ала сезіп, әлдебір шара қолдануға дайын болғымыз келеді». Мысалы алдыңыздан аш қасқыр жолықса, ол шабуы мүмкін екенін біліп тұрамыз, не істеу керегін ойлай бастаймыз. Әрине, қазір ондайдан гөрі негатив контентті жұтып жатқанымыз көбірек зиян тигізеді. 

Думскроллиңнің қандай кері әсері бар? Ол әркімге әрқалай әсер етеді. Психикасының мықтылығына байланысты. Жалпы алғанда үнемі күйзеліп жүрген кезде ол адамның физикалық та, ментал да саулығына зиянын тигізеді. Атап айтқанда, мазасыздық, оқшауланып қалғандай әсер, депрессия, бас ауру, әлденеге концентрация жасау қиындап, ұйқысыздық, ештеңеге тәбет тартпайтын не керісінше тамақ жей беретін күй пайда болуы мүмкін. Тесс Бригемнің сөзіне сүйенсек, бұл процестен адамға ешқандай пайда болмағандықтан, кері әсер ғана береді. Өзін бақылауда ұстамаса, әлем туралы параноиктік көзқарас та қалыптасуы мүмкін. Негатив ақпаратты неғұрлым көп оқысаңыз, оның психикаға зиянын соғұрлым сезбейтін болып кетесіз. Бірақ көзіңізді жұмып, демала қояйын десеңіз, бойды үрей, мазасыздық билеп, жаман ойға беріле беретін боласыз. Енді думскроллиң себептеріне тоқталайық.

Маңызды жаңалықтан құр қалам деп қорқасыз

Әдетте жаңалықтардан адам өзіне тікелей қатысы бар мәселелер, оқиғалар жайлы оқиды. Оқудағы мақсат — айналада не болып жатқанынан көбірек хабардар болу. Адам табиғатынан қоршаған орта туралы білуге құштар келеді. Осылайша жаңалықтарды көп оқу арқылы жағдайды бақылауда ұстап отырғандай сезімде болғымыз келеді екен. Әрі бәрін біліп отыруға ұмтылудың астарында оны азаматтық міндетке телу жатыр. Яғни егер бір жаңалықты естімей қалсаңыз, бәрінен мақұрым болдым деп өзіңізді кінәлап шығуыңыз мүмкін. Сондықтан тыс қалмауға тырысасыз. Ақпарат алмай қалу қорқынышын келіп тұрған пайданы уыстан шығарып алудан қорқатын сезіммен бірдей деуге болады. Сонымен бірге негатив ақпаратты көп оқуымыздың тағы бір себебі — интуициямызбен жаман жағдайға дайындалуға тырысатынымыз. «Сақтансаң, сақтайды» демекші, өзімізді сақтаудың бір жолы ретінде барынша мол ақпарат алуды қарастырамыз. 

Әлеуметтік желі мен жаңалықтар тарататын ресурстар да осыған бағытталған

«Жаға ұстатты» деп басталатын ақпараттардың да оқырманы көп болады. Мұны медиа жақсы қолданады. Яғни адамдардың бәрінен хабардар болып отыруға ұмтылысынан контент жасап, аудиториясын арттырады. Бұл — құрал. «Шок қылды» деген тақырыбы бар ақпараттар интернетте жылдам таралады, оқырманы да лезде көбейеді. Думскроллиңнің келесі бір себебі — осы. БАҚ болсын, әлеуметтік желідегі парақшалар болсын болып жатқан оқиғаны қатты қыздырып көрсететін кез жиі кездеседі. Біреуді өлтіріп кеткені туралы жаңалықтарды көп оқыған сайын адам әлемді қауіпті көре бастайды. Бұл феноменге қатысты «қатыгез әлем коэффициенті» түсінігі бар. Қазір әлеуметтік желілердің алгоритмі мұны тіпті еселеп жіберді. Яғни қандай жаңалықты, контентті көп көрсеңіз, сізге сол бағытта шығарып беріп отырады. Әлеуметтік желінің шеті қиыры жоқ лентасы да бас көтерместен контент тұтынудан тұрады. Думскролл жасай беретін адамның қимыл-әрекеті содан бейсаналы болып кетеді. Барлығын автомат түрде жасауға бейімделеді. 

Думскроллиңнің қандай зияны бар?

«Сақтансаң, сақтайды» десек те, думскроллиңнің сақтағанынан гөрі мазасыз күйге түсіретін кезі көп. Себебі адам негатив ақпарат оқыған сайын қит еткеннен қорқа беретін, секемшіл болып кетеді. Ал үнемі мазасыз болып жүрген адамға зиян екені белгілі. Соны басу үшін адам негатив ақпараттың теңізінен терең батып кетіп жатады. Өкініштісі сол — түпсіз тереңдіктен пайда болмайды. Ақпаратқа батқанда адам өз сезімін, ойын ести алмай қалады. Бұл болса, психикалық саулығына әсер етеді. Думскроллиң салдарынан стресс гормондары көбірек бөлініп, паникалық атака ықтималы артады, концентрация нашарлайды. Тіпті думскроллиңнен пайда болған толқыныстан физикалық дискомфорт сезінуіңіз мүмкін. Жаман жаңалық оқуға құмар адамдардың ұйқысы бұзылады. Төбеге қарап жатып таң атыруы жиілейді. Ұйықтаудың орнына қайта-қайта лента ақтарып, жаңалық оқи береді. Сөйтіп ондағы жаман ақпардан ұйқысы қашады. Егер осы күй таныс болса, онымен күресті дереу бастауыңыз керек. Әйтпесе, салдары жаман болады.

Қалай күресуге болады?

Гаджетке қатты байланбаңыз

Әсіресе, түнге таман қолданысты шектеген абзал. Карен Хо мынадай кеңес береді: жатарда соғыс, атыс-шабыс сияқты негатив ақпаратты оқымаңыз. Егер смартфоннан бас алуыңыз қиын болса, онда сізге ескерту жасайтын бір адам болсын. Тіпті болмаса таймер қойып, гаджетті баптап қойыңыз. Түнде ғана емес, жалпы алғанда гаджетті көп пайдаланбаған дұрыс. Тәулігіне неше сағатыңыз кетінін бақылап, шама келсе біртіндеп азайтыңыз. Google компаниясының дизайн этикасы бойынша маманы Тристан Харрис ұсынған мынадай лайфхакты назарға алсаңыз болады. Оның айтуынша, смартфон гаммасын ақ түстен сұрғылтқа ауыстырғанда экран тартымсыз бола түседі екен. Соған байланысты қарағыңыз келмей, ысырып қоюыңыз мүмкін. Қазіргі смартфондарда баптау арқылы сұрғылт түсті фильтр таңдап қоюға болады. Арнайы «оқуға арналған», «түнгі» деген режимдерді қолдануға кеңес береміз. Әрине, думскроллиңді түп тамырымен жойып жібере қоймас. Әйтсе де, ұйқыңызды қандыруға сәл де болсын септігін тигізеді. Жатарда гаджет қолданудың зияны көп екенін зерттеулер де дәлелдеген. Сондықтан төсекте жатып қолданбаған дұрыс. Ол — ұйықтайтын жер.   

Не білгіңіз келсе, сол туралы ғана оқыңыз

Әдетте біз әлеуметтік желіге кірсек болды, басында не үшін ашқанымызды ұмытып, басқа нәрсе оқып кетеміз. Іздегеніңіз не? Таптыңыз ба? Осы жайлы ойланыңыз. Лағман рецебін іздеймін деп кіріп, бір қарасаңыз Тикток қарап отырсаңыз, жақсы емес. Сонымен бірге кликбейт — еліктіретін, алдамшы тақырыптың қармағына ілінбеңіз. Жалпы алғанда сананы сау әрі таза ұстаған дұрыс. Ақпарат тым көп болып, оның ішінде ешкімге керегі жоқ деректермен толтырған өзіңізге зиян. Үнемі атыс-шабыс жайлы аттандай беретін блогерлерді де оқи бермеңіз. Фильтр қажет.

Өмір жаңалықтан ғана тұрмайды

Оқиға орнынан таратып жатқан ақпараттарға құмарта бермеңіз. Одан гөрі күлкілі видео, миды тыныштандыратын контент қараған жақсырақ. Досыңыз жіберген мемді көріп, күліп алыңыз. Айтпақшы, Исландияның анимацияланған пейзаждарын қарауға мүмкіндік беретін, «жойскроллиң» жасауға арналған арнайы сайт та бар. Ағылшын тілінен аударғанда joyscroll,  joy — қуаныш дегенді білдіреді.

Айналысатын ермек тауып алыңыз

Еріксіз телефонға телміріп кете беретін болсаңыз, ол уақытты басқа нәрсеге жұмсауға әдеттеніңіз. Кітап оқыңыз, фильм не сериал қараңыз, жақындарыңызбен әңгімелесіңіз. «Бәрінен хабардар болғым келеді» деген ойды ысырып қоятындай амал табыңыз. Әзірге думскроллиңді БАҚ пен әлеуметтік желіге қатысты айтады. Әйтсе де, алдағы уақытта бұл бағытта зерттеу көбейе түседі. Сонда жаңа қырынан да ашылып қалар. Бастысы, лента ақтара беретін, жаман жаңалықтарды көп оқитын болсаңыз, бұл әдеттен неғұрлым ертерек құтылғаныңыз дұрыс. Егер асқынып кетсе, бұл мәселені психологпен шешуге болады.  

Сондай-ақ оқыңыз