Қазақстанда фитнеспен тұрақты айналысатындар саны 10 жылда екі есеге өсті. Нарықтың даму қарқыны қалай?

Жарияланды (жаңартылды )
Республика бойынша фитнес-нысандардың жалпы саны бүгінде  2,2 мыңнан асып жығылады / Фото: kursiv.media

2023 жылдың соңында Қазақстанда фитнес-қызмет нарығы үштен бірге өсті. Фитнес-клуб иелері нарықтың өсу драйверіне әсер еткен жағдайларға және керісінше дамуын тежеуге қандай факторлар себеп болғанын түсіндіріп берді.

Қазақстандық фитнес-қызмет нарығының көлемі өткен жылы 32%-ға өсіп, ондағы айналым 141 млрд теңгеге бағаланды. Нарықтың осыншалықты өсу қарқыны соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болған. Әсіресе, 2021 жылғы локдауннан кейін жаттығу залына келушілердің көрсеткіші белсенді түрде өскен (+63%). Бұл нарықтық мәліметтерді FitnessData агенттігінің өкілдері «Bright Conf -2024» фитнес-операторларына арналған халықаралық конференциясында келтірді.

Фитнес клубтардың бағасы неге қымбат?

Бұл саладағы нарық, ең алдымен, бағаның өзгеруі есебінен көтерілді. Орташа  алғанда  бір жылда шамамен 18%-ға өскен. Krida фитнес-клубының (бұрынғы World Class Алматы) бас директоры Уәлихан Теннің айтуынша, баға белгілеудегі негізгі рөл спорт залдағы қызмет көрсету шығындары мен  құрал-жабдықтардың құнына тікелей байланысты. Оның атап өтуінше, клубтағы жаттығу құралдарының шамамен 40%-ы екі жыл сайын ауыстырылады. «Мәселен, кардио жаттығуларға арналған құралдардың кейбір бөлшектерін жиі ауыстырып тұруға тура келеді. Сондай-ақ барлық құрал-жабдық басқа елдерден әкелінеді. Сол себепті абонемент те жылына бірнеше рет қымбаттайды», – дейді жаттығу орталығының басшысы.

Мемлекеттік секциялар, спорттық-сауықтыру кешендері мен спорт сарайларын қоспағанда, республика бойынша фитнес-нысандардың жалпы саны бүгінде 2,2 мыңнан асып жығылады. Фитнес индустрияның ақша айналымы мен жаттығу залдары ғана емес, сондай-ақ оған келетіндердің де саны анағұрлым артып келеді. Фитнеспен айналысуға бет бұрған қазақстандықтар 10 жылда екі есе өскен. FitnessData ұсынған мәліметке сүйенсек, 2013 жылы 220 мың адамнан 2023 жылы 500 мың адамға дейін ұлғайған. Сала мамандарының сөзінше осындай деңгейге өсуіне, ең алдымен, салауатты өмір салтының трендке айналуы ықпал жасаған.

«Спортпен шұғылданатындар көбейіп келеді. Егер бұрын өсім негізінен премиум сегментте байқалса, қазір басқа да бұқаралық сегменттер де белсенді түрде қарқын алуда. Оның ұлғаюына түрлі бұқаралық спорттық іс-шаралар ықпал етуде. Мысалы, Алматы марафоны енді ғана басталғанда оған 2 мың адам қатысқан еді. Қазір оған 15 мыңнан астам қатысушы жиналды», – деді Уәлихан Тен.

Отандық фитнес индустрия енді ғана дами бастады

Негізгі көрсеткіштердегі оң динамикаға қарамастан, Қазақстандағы фитнес индустрия әлі де толыққанды дамыған жоқ. Жалпы республика бойынша фитнес- қызметтердің ену деңгейі 2,5% -ды құрайды. Салыстырмалы түрде алар болсақ: АҚШ, Норвегия және Швецияда бұл көрсеткіш шамамен 10 есе жоғары. Ресейде ену деңгейі 4,5%, Өзбекстанда – 1%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, Қазақстандағы фитнес нарықтың басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланған. Индустриядағы ақша айналымының 2/3 бөлігі де осы екі қалаға тиесілі. Халықтың фитнеспен айналысуға тартылу үлесі Алматыда 9% -ды, Астанада – 8% -ды құраса, Қазақстанның басқа қалаларында бұл көрсеткіш 4% -дан төмен.

Фитнес-клуб иелері мұны Астана мен Алматыда халықтың тығыздығы, сондай-ақ табыс деңгейі Қазақстанның басқа қалаларына қарағанда жоғары болуымен байланыстырады.

«Ірі қалалардағы фитнестің гиперконцентрациясы көптеген дамушы нарықтарға тән, бірақ 5-10 жыл ішінде ірі қалалардың рөлі төмендейтін болады. Мысалы, Мәскеудің үлесі 2012 жылдан бері 50-ден 38 пайызға дейін төмендеді, бірақ Мәскеуде тұру нашарлаған жоқ. Тек Ресейдің басқа аймақтарында өсу мүмкіндіктері пайда болды. Қазақстанды да осындай жағдай күтіп тұр – аймақтарға баратын уақыт жетті», – деді FitnessData басқарушы серіктесі Максим Боровиков.

Сондай-ақ оқыңыз