Жаңалықтар

Алаяқтар Сыбайлас жемқорлық агенттігінің атынан жалған мәлімдеме таратуда

Сыбайлас жемқорлық агенттігі қазақстандықтарға ескерту жасады / Фото: kursiv.media

Соңғы уақытта алаяқтар тарататын жалған ақпараттар қатары көбейген. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазақстандықтарға ескерту жасады.

Антикор мәліметінше, мессенджерлерде (WhatsApp, Telegram және т.б.) ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар құрған және жалған ақпарат тарататын алаяқтар пайда болған.

«Жалған ақпараттарға сенбеуге, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге, сондай-ақ қаражат аудармауға шақырамыз. Осындай фактілер болған жағдайда Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Осыған дейін мессенджерлерде үкімет басшысы атынан да қаражат аударуға үндейтін жалған хабарламалар таралған болатын.

Оның ішінде елге көмектесу үшін мессенджерлер көмегімен белгілі бір шотқа қаражат аударуға үндейтіндер көбейген. ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі тұрғындарды ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

«ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі мессенджерлерде қаражат аудару туралы өтініш айтылған Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің атынан ақпарат таратылып жатқанын хабарлайды. Бұл – жалған ақпарат. Оны интернет-алаяқтар таратып отыр. Жалған ақпаратқа сенбеуге, қаражат аудармауға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырамыз. Құқық қорғау органдары алаяқтық әрекеттер жасап жатқан адамдарды  анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізуде», – делінген «UKIMET» телеграм желісінде.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев желіде су тасқынына қарсы штабтардың жалған аккаунттарын ашып, ақпарат тартушыларға ескерту жасады.

Үкімет баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Ақпаратқа сүйенсек, әлеуметтік желіде жалған ақпараттың тарауы табиғи апатпен күресіп жатқан адамдардың жұмысын қиындатып жатыр. Вице-премьер атап өткендей, мұндай жалған ақпараттар қоғамда, әсіресе, зардап шеккен өңірлерде жиі дүрбелең тудырады.

«Осындай жалған хабарламалардың немесе Төтенше жағдаймен күрес жөніндегі штабтардың жалған аккаунттарының барлық авторына бұл ақпаратты жариялаудағы жауапкершілік туралы ескерткім келеді. «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң бар, оған сәйкес пайдаланушылар орналастырылған және таратылатын мазмұнның дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты таратпауға, сондай-ақ мұндай ақпаратты және кез келген заңсыз мазмұнды жоюға міндетті. Тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады», — деп атап өтті Бозымбаев.

Бозымбаев мұндай фактілер үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.