Air Astana Астана – Дубай – Астана бағытындағы рейстердің геосаяси себептерге байланысты кешігіп жатқанын хабарлады.
«Ұшу бағыты бойынша тұрақсыз геосаяси жағдайға байланысты KC 205/206 Астана-Дубай-Астана және KC897/898 Алматы-Дубай-Алматы рейстері кейінге қалдырылды. Алдын ала жөнелту уақыты бүгін сағат 15.00-де күтілуде. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Эйр Астана» әуе компаниясының Дубай мен Жиддаға рейстері Иранның әуе кеңістігін айналып өтеді. Әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда өзгерістер енгізеді», – делінген жексенбі күнгі мәлімдемеде.
Израиль кеше Иран тарапынан шабуылдаушы-дрондар мен қанатты, баллистикалық ракеталарды атып түсіргендерін хабарлады. Соның салдарынан бір әскери нысанға зақым келген. Израильдың контр-адмиралы Даниал Хагар Иран шабуылын тойтарғандарын айтты. Интернеттегі дереккөздер Израильға АҚШ-тың әуе-қорғаныс күші көмектескенін алға тартқан. Біршама уақыттан кейін Иран шабуылды тоқтатқандарын, бірақ Израильға қарымта қайтарудың салдары қиын болатынын ескертті. Бұған дейін Иран мен Израиль қақтығысы мұнай нарығына да әсер етті.