Дүйсенбіден бастап БҚО-дағы мектептер пен колледждер қашықтан оқуға көшеді

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Қазіргі уақытта облыс орталығы мен бірнеше аудан Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын қызу жүргізуде. Орал қаласындағы біраз саяжай су астында қалды. Қала шетіндегі әлеуметтік нысандарды да су басты. Қарғын су қатеріне байланысты өңірде қауіпсіздік шаралары күшеюде. Осы себепті дүйсенбіден бастап Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарындағы мектептер мен колледждер бойынша онлайн оқу ұйымдастырылады.

«Өңірдегі төтенше жағдай уақытында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету  мақсатында Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының және Орал қаласы орта білім беру, кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңестерінің шешімімен 15 сәуірден бастап оқу процесі тиісті  платформалар арқылы қашықтан ұйымдастырылады. Білім беру ұйымдарының басшылары оқушылардың техникалық оқыту құраладырмен қамту жұмысын қолға алды. Ата-аналардан  балалардың қауіпсізідігін үнемі қадағалау сұралады», – деп хабарлады БҚО баспасөз қызметі.

Бүгінге дейін мектептер мен колледждер оффлайн оқу үдерісін тоқтатқан жоқ.

Қазіргі уақытта уақытша орналастыру қосындарын 1733 адам паналап отыр. Оның ішінде 780 бала бар. Бұған дейін жалпы 5 552 бала эвакопунктерге келген. Орал қаласында эвакопунктердегі балалар мектептерге тұрақты бару үшін арнайы көліктер бөлінген. Бірқатары жақын жердегі мектептерге барды.

Сондай-ақ оқыңыз