Судьяға қарсылық және соттағы дау: Астанада Бишімбаев ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті

Жарияланды (жаңартылды )
Бишімбаев
Бишімбаев ісі / Астана сотының баспасөз қызметі

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.

15 сәуірдегі сот отырысында сотталушы Байжановтан жауап алу процесі жалғасты. Алдымен алқабилердің бірінің сот отырысына денсаулығына байланысты келмегені айтылды. Алқабилер құрамында 10 негізгі және 2 қосалқы алқаби болатыны белгілі. Соған сәйкес, қосалқы алқаби негізгі алқабидің орнына отырды.

Тараптардың өтінішхаты барысында істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева Байжановтан жауап алу аяқталмағанын айтып, кезекті тараптардың сұрағына берді.

Адвокат қарсылығы

Алайда Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов өтінішхат білдіруге сот тарапынан мүмкіндік берілмей жатқанын алға тартып, судья Құлбаеваға тағы да қарсылық білдірді.

«Мен төрағалық етушіге тағы да қарсылық білдіремін. Қорғау тарапы өтінішхат жолдайтын кезде процесті бөліп, сотталушыдан жауап алуға көшіп жатырсыз. Оған қарсылық білдіремін, біздің құқығымызды шектеп жатырсыз», – деді Ғазымжанов.

Алайда судья қорғау тарапының бұл қарсылығын негізсіз деп атап, бірден кері қайтарды.

«Қорғау тарапының қарсылығын сот негізсіз деп санайды. Соған байланысты қабылданбайды. Өткен сот отырысында сотталушы Байжанов жауап берді, тараптардың оған сұрақтары бар. Жауап алу аяқталған жоқ. Қорғау тарапына Байжановтан жауап алу аяқталған соң, өтінішхат жолдауға құқылы екені түсіндірілді. Алайда соған қарамастан қорғау тарапы негізсіз қарсылық білдіріп, алқабилерді шатастыруға тырысып жатыр», – деді судья Құлбаева.

Алайда Бишімбаевтың адвокаты Ғазымжанов бірнеше рет судьяның шешіміне қарсы болды, соған байланысты Құлбаева адвокатқа қатысты жеке қаулы шығарды. Осы тұста адвокаттың судьяға және сот отырысының басқа қатысушыларына құрмет көрсетпегені айтылды.

Сот процесі барысында Ғазымжанов «қорғау тарапын блоктап, сотталушыға ойын айтуға, ал бізге сұрақ қоюға рұқсат бермей жатырсыз. Сот біржақты өтіп жатыр», деген еді.

«Келешекте осындай жағдай қайталанбауы үшін сот процесіне қатысушылардан қылмыстық-процестік кодекс нормаларын сақтауды, өз эмоциясын бақылауда ұстап, төрағалық етушінің шешімдеріне бағынуды талап етемін», – деді Құлбаева.

Байжанов Бишімбаевтан, Бишімбаев Байжановтан «қысым» көріп жатыр

Ал тараптардың сұрағына жауап беру барысында Бақытжан Байжанов тергеу изоляторында туысы Қуандық «Бишімбаевтан бірнеше рет қысым көргенін айтты. Бұл туралы бұған дейінгі сот отырысында да айтылды.

«Бишімбаев маған «жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт», «Айтпасаң сенің басыңа, баларыңның басына келсін деп қарғаймын» деді. (…) Тергеу изоляторында анда-санда кездесіп жүрдік. Сол кезде «мен нашатырь беріп жатқанда қарап тұрдым деп айт» деді. Ал мен ол кезде сыртта қалған едім», – деген еді ол кезде Байжанов.

15 сәуірдегі сот отырысында судья мүсәтір спиртіне қатысты жағдайды нақтылады. Байжанов қайғылы оқиға болған күні мүсәтір спиртін Бишімбаевқа бергенін, одан кейін көрмегенін айтты.

«Мүсәтір спиртін алып келген кезде оны Салтанаттың мұрнына апарғаныма қарап тұрды. Салтанаттың ештеңе сезбегенін көріп, жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Сол уақытта мен көріпкелге хабарластым», – деді Бишімбаев осы жағдайға қатысты.

Судья Бишімбаевтың бұған дейін мүсәтір спиртіне қатысты басқаша жауап бергенін еске салып, қай жауабы дұрыс екенін нақтылады.

«Бұған дейін «мүсәтірді алып келген кезде бірінші өзіңіздің иіскегеніңізді, содан кейін жәбірленушіге (Салтанат Нүкенова – ред.) иіскетуге тырысқаныңызды» айттыңыз. Сол кезде жалған сөйледіңіз бе?», – деп сұрады судья Құлбаева Бишімбаевтан.
Сотталушы Бишімбаев туысы Байжановтан қысым көріп жатқанын айтып, осы жағдайға қатысты басқаша жауап бергенін мәлімдеді.

«Байжановтың VIP залда болғаны, мүсәтірді ұстап тұрғаны туралы деректі басқаша жеткіздім. Байжановтың маған жасап жатқан қысымына қатысты солай болды», – дейді Бишімбаев.

Ал Байжанов керісінше Бишімбаевтан қысым көріп жатқанын жеткізді.
«Бауыржан Мусин маған төрт рет келді. Тергеу изоляторындағы видеокамералар бар. Оның кім екенін де білмеймін. Ол «Салтанат өзі кінәлі, ол мас болған» деп айтты. Бауыржанға «сараптамаға қара, сау жері қалмаған» дедім. Оны маған Бишімбаев жіберіп жатыр. Бірінші келгенінде Бишімбаевтың жібергенін (Бауыржан Мусиннің) өзі айтты», – деді Байжанов сот отырысында.

Ал Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, туысы Байжанов оның құжаттарын бермей, оны бопсалап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз