Air Astana әуе компаниясы Neos лоукостерімен бірлескен кәсіпорын құрмақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
Air Astana итальялық Neos әуе компаниясымен әріптестік орнатпақ. Коллаж: kursiv.media

Air Astana итальялық Neos әуе компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тараптар стратегиялық серіктестік орнату туралы меморандумға қол қойған. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

Стратегиялық әріптестік бірнеше бағытты қамтиды:

  • Милан мен Алматы арасындағы және кері бағыттағы Neos рейстеріндегі код-шеринг туралы келісім;
  • техникалық және пайдалану, оның ішінде Boeing ұшақтарына қызмет көрсету жөніндегі білім алмасу;
  • нормативтік, монополияға қарсы және үкіметтік заңнамаға сәйкес болған жағдайда, Италия мен Қазақстан арасындағы бағыттар үшін бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастыру.

«Біз Neos-пен стратегиялық серіктестік құрғанымызға қуаныштымыз және ортақ клиенттерімізге үздік қызмет көрсету үшін бірлескен бастамаларды асыға күтеміз. Бұл келісім Air Astana жолаушыларына Қазақстан мен Италия арасындағы рейстерді таңдаудың икемділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті әуекомпанияның Бас атқарушы директоры Питер Фостер.

Неос әуе компаниясы 2022 жылдың маусым айының ортасынан бері Алматы мен Милан арасында тұрақты тікелей рейс ашқан. Boeing 737 және 787 ұшағы аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшады. Сол жылы екі ел арасында тікелей тұрақты рейс жүзеге асыру үшін құқықтық база құрылды.

Neos компаниясының басшысы Лупо Раттацци Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстан мен Италия арасында жаңа әуе рейстерін ашуға ниетті екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Астана мен Рим, сондай-ақ Астана мен Милан арасында тікелей әуе рейс ашу туралы әңгіме болған.

2024 жылдың ақпан айында Air Astana-ның IPO-сы өтті. IPO барысында нарықтан тартылған 370 млн доллар қаржының 120 млн доллары әуе компаниясының дамуына жұмсалады.

«Эйр Астана» тобы – акцияларын бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан асып түскен.

Қазіргі кезде компанияның 44 пайыз акциясы KASE, AIX және LSE биржасында еркін айналымда жүр. IPO-дан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның компаниядағы үлесі 51%-дан 41%-ға дейін азайды. Ал BAE Systems PLC-тікі 49%-дан 15,3%-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар номиналды ұстаушы ретінде әрекет ететін америкалық Citibank-ке 26,76% үлесі тиесілі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатына әуе компаниясының 6,5% акциясы сатып алынғаны белгілі.

Сондай-ақ оқыңыз