Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің таза сыртқы активтері 536,2 млрд теңгені құраған. Ал ішкі активтерінің көлемі 37,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл деректер Ұлттық банктің банктерге қатысты монетарлық шолуында жазылған.
Банктердің таза сыртқы активі 2023 жылдың наурыз айымен салыстырғанда екі еседей қысқарғаны байқалады. Былтыр наурызда ЕДБ-нің сыртқы активтерінің көлемі 1 трлн теңгеден асқан.
Еркін айырбасталатын валютадағы (ЕАВ) таза сыртқы актив 1,5 трлн теңгені құраған. Өткен аймен салыстырғанда, сәл азайған. Ал 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 млрд теңгеге өскен. Бейрезиденттерге ЕАВ-да қойылатын талаптар 4,2 трлн теңгені құрады. Ал бейрезиденттер алдындағы еркін айырбасталатын валютадағы міндеттемелер бір айда 2,69 трлн теңгеден 2,73 трлн теңгеге дейін өскен.
Басқа да таза сыртқы активтері азайды. 2024 жылғы наурызда 886,7 млрд теңгені құрады. Ал ақпан айында таза сыртқы активтер 833 млрд теңге болған. Теріс коэффициент банктердің міндеттемесі олардың активтерінен асып түсетінін білдіреді.
Банктердің ішкі активтері қазіргі кезде 37,8 трлн теңгені құрайды. Банктердің міндетті резерві бір айда 6,6 трлн теңгеден 7,5 трлн теңгеге жеткен. ҚҰБ-дегі аудармалы және басқа депозиттер көлемі 7 трлн теңгені құрайды. Банктерде 421 млрд теңгеге тең қолма- қол ұлттық валюта бар.
Ұлттық банкке қойылатын басқа талаптар 45,3%-ға азайып, 269,9 млрд теңгені құраған Ал Орталық үкіметке қойылған таза талап (мемлекеттік қарыз) көлемі 7,3 трлн теңгеге жеткен.
Қаңтар-ақпан айларында банк секторының жиынтық пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға өскен.