Қазақстандық банктер 2024 жылдың екі айын қандай көрсеткішпен аяқтады  

Жарияланды
Банктер 2024 жылдың екі айын қандай көрсеткішпен аяқтадыshutterstock.com

Елдегі ең ірі банктің кірісі өсуді тоқтатты, ал көлемі бойынша екінші ірі банк қосымша сатылым жасады. Шағын корейлік банк болса тағы ірі депозит тартты. «Курсив» екінші деңгейлі банктердің ақпан айындағы есебін зерттеп шықты.

Активтер

Саланың жиынтық активтері қаңтар айындағы құлдыраудан кейін (–0,74% бір айда) ақпанда 1,77%-ға (+902 млрд тенге ) өсіп, 52 трлн теңгеге жетті. Ақпан айындағы жалпы өсімнің 60%-ы активтері 531 млрд теңгеге артқан Халық банкке тиесілі. Корейлік Шинхан (+220 млрд) мен Forte (+191 млрд) банкте айтарлықтай өсімге қол жеткізген. Ал сегіз ойыншының (барлығы 21 банк) активтері ақпанда қысқарған. Осы айда ең нашар көрсеткіш көрсеткен банктер – Сити  (–91 млрд) мен Қытай банкі (–87 млрд), Bank RBK (–56 млрд).

Жыл басынан бері жиынтық активтер өсімі 523 млрд теңге болған немесе тура 1%-ға өскен. Әзірге саладағы ең жақсы динамиканы Шинхан банк көрсетіп отыр. Екі айдың қортындысы бойынша 243 млрд теңге қосқан. Тағы үш банктің активтері 100 млрд теңгеден асқан. Олар – Jusan (+160 млрд), Халык (+149 млрд), Forte (+109 млрд). ЦКБ (+49 млрд) осы банктердің ізін басып төртінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ өсу қарқыны бойынша көш бастап келе жатқандар ішінде Шинхан банк (+51,2%) бар. Содан кейін Al Hilal (+21,1%) мен Қытайлық Сауда-өнеркәсіп банкі (+9,4%) келеді. Ірі банктер арасында Jusan (+5,6%) жылдам өсіп келе жатыр.

Сегіз банктің активтері төмендеген. Ренкингтегі аутсайдер әзірше екі айда 122 млрд теңге жоғалтқан Bank RBK. Сонымен қатар Евразиялық банк (–63 млрд), Қытай Банкі (–40 млрд), Kaspi (–38 млрд), Ситибанк (–37 млрд), Хоум Кредита (–30 млрд), Freedom Bank (–5 млрд) және Заман (–1,4 млрд) банк активтері азайған. Салыстырмалы мәнде алып қарайтын болсақ, ең нашар динамика көрсетіп отырғандар – Қытай банкі (–9,5%), Bank RBK (–6,0%) және Заман (–5,5%).  

Жеке тұлғалардың қаражаты

Ақпанда халықтың банктерге салған ақша көлемі 267 млрд теңге болып, бір айда 1,3%-ға өскен. Алайда бұл қаңтардағы жылыстаған ақшаның орнын толтыра алмады. 2024 жылдың басынан бері жеке тұлғалардың банктердегі қаражаты 1,2%-ға немесе 248 млрд теңгеге қысқарған. Жеке шот ашу және салымдар тарту бойынша ақпанда Халық банк  (ақпанда +109 млрд теңге немесе жиынтық өсімнің 41%-ы) көшбасшы. Одан кейін Отбасы (+62 млрд), Kaspi (+41 млрд) және ЦКБ (+20 млрд) тұр. Ал қалған банктердің өсімі 10 млрд теңгеден де аспаған. Ал бес банк біршама төмен көрсеткіш көрсеткен.

Екі айдың қорытындысы бойынша тек сегіз банк қана жекелеген ақша ағынын тарта алған. Оның ішінде Отбасы (+18 млрд), ВТБ (+13 млрд) және Хоум Кредит (+12 млрд) банк қана межелі 10 млрд теңгеге өсім көрсете алды. Керісінше ең нашар динамика Kaspi (–168 млрд) банкте. Ал Bank RBK (–38 млрд), ЦКБ (–25 млрд), Forte (–24 млрд), Freedom (–15 млрд), Евразиялық банк (–11 млрд), Jusan (–9 млрд) және Алтын (–7 млрд) банктен азғана ақша шығарылған. Екі айдың қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамының 0,9% нығаюынан кері бағамдық бағалау, долларлануы жоғары банктер үшін жекелеген қаражаттың төмендеуіне әкелген болуы  мүмкін.  ҚНРДА мәліметі бойынша резидент-салымшылар арасындағы долларландыру деңгейі қаңтарда 22,4%, ақпанда 22,2%, наурызда 21,7%-ға дейін қысқарған.

Заңды тұлғалардың қаражаты

Банк жүйесіндегі заңды тұлғалардың қаражаты ақпанда 2,2% (+318 млрд теңгеге), жыл басынан бері 2,3% (+345 млрд теңге) өскен.  Жеке тұлғаларға қарағанда заңды тұлғалардың салымдарды долларландыру деңгейі, керісінше, 1 ақпандағы 24,2%-дан 1 наурызда 25,4%-ға дейін артқан.  

Ақпандағы жиынтық өсімнің тұп-тура үштен екісі корейлік Шинхан банктің еншісінде. Бұл банктегі корпоративтік клиенттердің шоттарында қалған ақша 210 млрд теңгеге (430 млрд-тан 640 млрд) өскен. Яғни бір айда  49%. 2023 жылдың басында Шинхан банк заңды тұлғалардың қаражаты көлемі (71 млрд теңге) бойынша секторда 17-орында болатын. Бірақ кейін «Киа» және «Хендэ Мотор» ресейлік компанияларынан 400 млрд теңге тарту есебінен портфельді тез өсіріп алды. Бұл туралы банктің KASE сайтындағы хабарландыруынан белгілі болды.

Ал осы жылдың ақпан айындағы ақша жылыстату жайын банк биржада жарияламаған. Не дегенмен Шинхан банк корпоративтік салымдар көлемі бойынша ЕДБ арасында бірден 8 сатыға көтеріліп, қазір 8-орында (2024 жылдың 1 наурызында 640 млрд теңге). Сөйтіп Bereke банкті басып озып, Bank RBK-мен бір қатарға орналасты.

Шинхан банктен басқа ақпан айында корпоративтік ақша ағыны туралы Отбасы (+90 млрд ), Халык (+65 млрд), Kaspi (+35 млрд), Al Hilal (+27 млрд), Jusan (+25 млрд), Freedom (+24 млрд), Forte (+16 млрд) және Сити (+11 млрд) банк есеп берді. Ал сегіз банктің портфелі төмендеген. ЦКБ (–57 млрд) мен Қытай банкінен (–55 млрд) көп ақша «кеткен». Сондай-ақ Bank RBK (–39 млрд) пен Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі (–25 млрд) де едәуір төмен көрсеткіш көрсеткен.

Екі айдың қорытындысы бойынша заңды тұлғалардың қаражатын тарту бойынша Шинхан банк (+232 млрд теңге) алдыңғы орында. Екінші орында Forte (+134 млрд). Одан кейін Freedom (+62 млрд) және Отбасы (+60 млрд). Алты банктен бизнес-клиенттер ақшасын шешіп алған.

Кредиттер

Саладағы жиынтық несие (осы және бұдан әрі – кері РЕПО есебінсіз) ақпан айында 2,0% (+584 млрд теңге), ал жыл басынан бері 1,8%-ға (+525 млрд теңгеге) өсті. Ақпанда «Kaspi Жұма» акциясы арқасында Kaspi-дің несие портфелі (+187 млрд теңге) айтарлықтай өсті. Енді банк акцияны жылына екі рет емес үш рет өткізуге шешім қабылдапты. Мұндай шешімге 2023 жылдың желтоқсанында жеке тұлғалар депозиттерінің (+391 млрд) ағыны көп болуы ықпал еткен сияқты. Банк қосымша бөліп төлеу арқылы бұл өтімділікті тез арада несиелерге бағыттаған болу керек. Бір жағынан алып қарайтын болсақ, эксперимент өзін ақтады. Өйткені ақпандағы акцияға сұраныс болды. Тағы бір ескеретін жайт  – былтырғы жылғы акцияларда сатылым белсенді болған. 2023 жылдың шілдесінде Kaspi 316 млрд теңгеге, ал қарашада 274 млрд теңгеге қарыз берген. Осылайша, қысқы акция алдағы дәстүрлі екі акцияда сұранысты азайтуы мүмкін.

Ақпан айында несие беру бойынша екінші орынға Халық банк (+157 млрд теңге) жайғасты. Үштікті ЦКБ (+93 млрд теңге) тұйықтайды. Қалған банктер шамалы ғана өсім көрсеткен. Мысалы, алдыңғы қатардағы үш банктен кейінгі орынға тұрақтаған Forte қарыз портфелін 49 млрд теңгеге арттырған. Жеті банк кері динамика көрсеткен. Бірақ та бәрібір көрсеткіш соншалықты төмен емес. Тек Сити банк қана (–8 млрд тенге) айтарлықтай төмендеді.

Кәсіпкерлерге берілген кредиттер

Жеке кәсіпкерлерге берілген несие көлемі ақпанда 3,2% (1,6 трлн теңге) өскен. Ал ірі бизнеске берілген несие көлемі 3,0% (4,0 трлн). ШОБ субъектілеріне берілген 0,5%-ға (5,6 трлн) дейін өскен. Үй шаруашылығы сегментіндегі тұтынушылық қарыз портфелі 2,7% (10,7 трлн тенге), ипотекалық қарыз 1,3%-ға (5,4 трлн) дейін артқан. ҚНРДА мәліметі бойынша, бизнеске берілетін несие сыйақысының орташа сараланған мөлшерлемесі қаңтардағы жылдық  19,9%-дан ақпанда 19,5%-ға төмендеген. Жеке тұлғаларға берілген қарыз бойынша мөлшерлеме 19,8 пайыздан 17,5%-ға түскен.

2024 жылдың басынан бері несие беру бойынша ең жақсы динамика көрсетіп отырған екі банк бар. Олар: Kaspi (екі айда +212 млрд теңге) және ЦКБ (+131 млрд). Бәсекелес банктер әзірге ілесе алмай келеді.  Дегенмен Forte (+56 млрд), Евразиялық банк (+34 млрд), Bank RBK (+31 млрд) және Хоум Кредит (+30 млрд) те жаман көрсеткіш көрсетіп отырған жоқ. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, несие беруде көшбастап тұрғандар Хоум Кредит (+4,9%), Kaspi (+4,7%) және ЦКБ (+4,4%). Алты банк мүлде несие беруде шабандап қалған. Алайда бұл алтауы да отандық несие нарығында маңызға ие емес.

Банк саласындағы қайтарылуы неғайбыл қарыз көлемі ақпанда 18,5 млрд теңгеге (+2,1%) өскен. Ал екі айдың қорытындысы бойынша 42,6 млрд теңгеге (+4,9%) жетіп жығылған. Ақпан айында NPL ең үлкен өсімі Еуразиялық (+6,4 млрд теңге) және Bereke (+4,1 млрд теңге) банкте байқалды. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш бойынша сектордың көшбасшылары Еуразиялық банк (+13,9 млрд теңге), Bereke (+6,5 млрд) және Халық (+6,1 млрд). 1 наурыздағы жалпы несиедегі NPL үлесі 1 қаңтардағы 2,9%-бен салыстырғанда 3%-ды құрады. NPL деңгейі ең жоғары үш банк ВТБ (9,2%), Jusan (8,6%) және Нұрбанк (6,5%).

Нәтиже

Екі айдың қорытындысы бойынша сектордың жиынтық пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті (330 млрд теңгеден 390 млрд теңгеге дейін). Жүйеде шығыны көп ойыншылар жоқ. Бірақ өткен жылғы өз нәтижелерінен әлі де төмен екінші деңгейлі алты банк бар.

Пайда динамикасы ең нашар банк – Bereke банк. Бір жыл бұрын 4,1 млрд теңге тапқан (-94%) банк биыл небәрі 255 млн теңге табыс тапқан. Al Hilal-дың онсыз да мардымсыз пайдасы 46%-ға (795 млн теңгеден 428 млн теңгеге дейін) төмендеді. Қытай банк таза кірістің 7,2%-ын (3,8 млрд теңгенің орнына 3,6 млрд) жіберіп алды. Халық банк 4,3%-ға төмен табыс тапты (115 млрд теңгеге қарсы 110 млрд теңге). Түріктің КЗИ банкі 1,0%-ға (2,6 млрд-тан 2,5 млрд-қа дейін) төмендеді. Америкалық Сити 0,7%-ға аз табыс тапты (18,9 млрд орнына 18,7 млрд).

Өткен жылдың нәтижелерін жақсартқан банктердің ішінде ең жоғары өсім көрсеткен төрт ойыншыны ерекше атап өтуге болады. Олардың қатарында Jusan (+15,3 млрд теңге), Forte (+11,3 млрд), Freedom (+10,9 млрд) және БЦК (+10,0 млрд) бар. Ойламаған жерден ресейлік ВТБ осы төрттікке (+5,9 млрд) біртабан жақындады. Санкция салынған бұл банк қаңтар және ақпан айларында таза пайда бойынша, мысалы, «Алтын» (екі айда 6,4 млрд пайда) және Хоум Кредит (5,0 млрд) сияқты ойыншыларды басып озып, 6,9 млрд теңге табыс тапты.

Тағайындау

Мемлекет білек сыбана кірісіп, нәтижесінде өткен жылдың ортасында қайтарылған активтерді АТФ Банктің бұрынғы акционері Ғалымжан Есенов иемденген. Сол кездегі «Jusan активтерін Қазақстан Республикасының юрисдикциясына қайтару» деп аталған оқиға «жаңа Қазақстанда» бұл банкті басқару кімге сеніп тапсырылғаны жайлы қызығушылық тудырары сөзсіз. «Курсив» бір ай бұрынғы шолуында Jusan Bank басқарма төрағасы Арман Мангитовтің (акционердің шешімімен) қызметінен кетіп, бұл қызметке міндетін атқарушы болып Алан Жабаевтың тағайындалғаны туралы жазған.

Мангитов банкті 2023 жылдың тамызынан бастап басқарып, 2024 жылдың 1 наурызында қызметінен кетті. Алан Жабаев басқарма төрғасының міндетін тура 1 ай атқарды. Содан кейін 1 сәуірден бастап Ольга Туманова төраға м.а болып тағайындалды. Банк төрағасы міндетін атқарушылардың бір ай сайын ауысуы заң талабына сай іске асып отыр. Заң бойынша банк басқарушы міндетінде бір адам бір айдан артық отыра алмайды. Соған қарағанда банк реттеуші акционер ұсынған адамды басқарма төрағасы қызметіне тағайындау туралы мақұлдауын күткенге ұқсайды. 1 сәуірде реттеуші 29 наурыздағы шешім бойынша Гульмира Джумадиллдаеваның кандидатурасын мақұлдады. 2 сәуірде директорлар кеңесі оны Jusan Bank-тың басқарма төрағасы етіп тағайындады.

Jusan Bank-тың жаңа басшысы жайлы

Банк сайтында жаңа басшының өмірбаяны қысқаша ғана берілген. Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» біліктілігі бойынша бітірген. Банк саласында 25 жыл тәжірибесі бар, оның ішінде 20 жыл басшылық лауазымдарда болған. 2007 жылдан 2021 жылға дейін Kaspi Bank басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Ашық дереккөздердегі ақпарат банк сайтындағы жазылғаннан да «толығырақ» мәлімет береді. Гульмира Джумадиллдаева 1965 жылы дүниеге келген. Шынымен де, 2007 жылдың қыркүйегінде Kaspi банкте (Банк Каспийский) басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған. Осы қызметте 2021 жылдың мамырына дейін тапжылмай отырған. Ал Kaspi-ден кетіп Jusan-ға келгенге дейін аралықта немен айналысқаны жайлы ресми ақпарат жоқ. Есесіне оның 1997 жылы Нұрбанктің Алматыдағы филиалында директор орынбасары болып, бір жылдан кейін директор болғаны белгілі. 2002 жылы басқарма төрағасының орынбасарына дейін өсіп, 2007 жылдың 22 қаңтарында басқарма төрағасы болады. Талғат Джумадиллаев (әкесінің атына қарағанда, Гульмираның туған ағасы) 2003 жылдан 2007 жылдың мамырына дейін Нұрбанктің директорлар кеңесін басқарған.

Нұрбанктегі жағдай

2007 жылдың басында Нұрбанкте (сол кезде елдегі ірі он банктің құрамында болған) қайғылы оқиға болды. 31 қаңтарда Нұрбанктің төраға орынбасары Жолдас Теміралиев пен оның әріптесі Айбар Хасенов із-түссіз жоғалып кетті. Кейіннен оларды Рахат Әлиевтің  (сол кезде Дариға Назарбаеваның күйеуі) бұйрығы бойынша бас кеңседен ұрлап кеткені белгілі болды. Олардың темір бөшкеге салынған өлі денесі Алматы тау бөктерінен төрт жыл өткесін ғана табылды. Рахат Әлиевті сырттай 20 жылға соттауға шешім шығарған сот процесі 2007 жылы басталған. Банкирлердің жоғалып кетуі мен сот процесі басталғанға дейінгі аралықта Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев Нұрбанктің ірі қатысушылары болады. Дариға Назарбаева директорлар кеңсесін басқарса, ұлы басқарма төрағасының орынбасары болды. 4 қыркүйекте Нұрмұхамед Бектемісов Нұрбанктің басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ол бір жылға жуық уақыт Каспий банкті басқарады. 2007 жылдың шілдесінде бұл жерге Михаил Ломтадзе келеді. Гульмира Джумадиллаева Бектемісовпен орын алмастырды десе де болады. Нұрбанктен «кетісімен» Каспий банкте басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2023 жылдың тамызында Bloomberg Jusan банк активтерін сатып алу үшін Есеновке ақшаны Kaspi.kz-тің ортақ иесі Вячеслав Ким бергенін жазды. Ким Есеновпен бірнеше жыл бойы дос екені айтып, «Jusan банк-ке қатысты жағдай мемелекет пен клиенттердің мүддесі үшін тезірек шешілсін деген ниетпен көмектескенін» айтты. Бұл ретте бұл өзінің жеке бас шаруасы екенін қадап тұрып айтты. Яғни Kaspi-ге еш қатысы жоқ және «келісім жасаушы тарап емес екенін, ешқандай пайда көздемейтінін» қосты.

Сондай-ақ оқыңыз