Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленісе түссе, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін – сарапшылар болжамы

100 доллардан
Мұнай бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Фото: shutterstock.com

Жұма күні Таяу Шығыстағы текетірес салдарынан әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барреліне 90,5 доллардан асты. Иранның Израильге жасаған шауылынан кейін, әлем Израиль қандай қадамға барарын бақылап отыр. Кейбір сарапшылар Израиль Иранға қарсы соққы жасаса, мұнай бағасы 100 доллардан асып кететінін айтады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында Израиль Иранның мұнай нысандарына қарымта қайтарар болса, мұнай бағасы 100 доллардан асатыны жазылған. Ал әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазы жабылып қалса, мұнай бағасы барреліне 120-130 долларға жетуі ықтимал.

Ормуз бұғазы — Парсы шығанағын Оман шығанағымен, одан әрі қарай ашық мұхитпен жалғастыратын тар, стратегиялық маңызы бар бұғаз. Солтүстік жағалауы Иранға, оңтүстігі — БАӘ мен Оманның жартылай анклавына қарайды.

Бұл бұғаз – әлемдегі стратегиялық маңызды орындардың бірі. Әлемдегі сұйытылған табиғи газдың үштен бірі және әлемдік мұнайдың бестен бір бөлігі бұғаз арқылы өтеді.

2023 жылы шикі мұнай бағасы Таяу Шығыс пен Украинадағы геосаяси шиеленістер, сондай-ақ ОПЕК+ тасымалдауларының шектеулері әсерінен 18%-ға қымбаттаған болатын.

Жалпы екі ел арасында текетірес біраздан бері мұнай бағасын құбылтып тұр. 4 сәуірдегі сауда-саттықта баға барреліне 90 долларда асқан еді. Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Brent маркалы мұнайдың бұл құны – қазан айынан бергі ең жоғары көрсеткіш

АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) биыл Азия, Таяу Шығыс және АҚШ есебінен мұнайға деген әлемдк сұраныс артады деп болжайды. Мысалы, Қытайда 2024 жылы мұнайға сұраныс 260 мыңға артып, 2024 жылы 16,3 миллион баррельді құрайды. Үндістанда – 280 мыңнан 5,6 млн баррельге өседі. АҚШ-та – 200 мыңға – 5,9 млн баррельге жетеді. Ал Таяу Шығыста – 140 мыңға – 9,7 млн ​​баррельге жақындайды.