Ұлттық банк елде берілген несиелер бойынша кеңейтілген деректерді жариялады.
2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жалпы берілген кредиттер 34,6 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың басындағы деңгейге сәйкес келеді (0,3% – ға шамалы төмендеу). Қарыз алушылардың санаттары бойынша 16,2 трлн теңге немесе кредиттердің жиынтық көлемінің 46,8%-ы бизнес кредиттеріне мақұлданған. Яғни кәсіпкерлік мақсаттарына кредиттер алған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер. Ал 18,4 трлн теңге немесе 53,2% – халыққа берілген несиелер.
«Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 31,7 трлн теңгені (91,7%), шетел валютасында – 2,9 трлн теңгені (8,3%) құрады. Банк секторының кредиттері кредиттердің жалпы көлемінің 86,0%-ын құрады», – деп жазылған реттеуші таратқан ақпаратта.
Айта кететіні, 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша экономиканы кредиттеу жөніндегі статистиканың жариялануы тоқсандық негізден ай сайынғы негізге ауыстырылды. Бұған деректердің өзгеруі мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша есептік ақпарат жинаудың ай сайынғы негізге ауысуы ықпал етті.
Еске сала кетсек, 2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары былтырғы көрсеткіш Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген межеден асып түсті деп тұжырымдады.
Ел экономкасының кейінгі 10 жылдағы қарқынды өсімі несиеге деген сұранысты арттырды. Дегенмен кәсіпорындарға берілген несие динамикасы біркелкі емес. Несиенің тең жартысын шағын кәсіпкерлер алған. Ал орта бизнеске берілген қарыз 8 пайыз өссе, ірі кәсіпорындарға тиесілі өсім 4%-ды құраған.