Абай облысындағы Қаражал кен орнында сирек кездесетін металдар іздеу жобасы қолға алынады

Жарияланды
Қаражал кен орнында сирек кездесетін металдар барлау жобасы қолға алынады / Архив: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны – «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (ҮМЗ) Абай облысындағы Қаражал кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды.

Бұл жобаны іске асыру атом холдингіне қолданыстағы өндірісті өзінің минералдық-шикізат базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық тиімділікті арттырады. Сирек металдардың, оның ішінде тантал, ниобий, бериллий қорларын бағалау және растау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Сирек кездесетін металдар, сондай-ақ олардың қосылыстары авиация мен ғарыштық техникадан бастап медицина мен электроникаға дейінгі экономикалық секторлардың кең ауқымында маңызды рөл атқарады. Аталған металдар маңызды материал болып табылады. «Қазатомөнеркәсіп» осы бағытта өзінің стратегиялық дамуын жалғастырып жатыр. Жаңа кен орындарын ашу және игеру біздің әлемдік нарықтағы ұстанымымызды нығайтады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. 2023 жылы ҮМЗ атынан компания Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды»,– деп түсіндірді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

«Үлбі металлургия зауыты» – тантал, ниобий және бериллийді өңдеуден бастап жоғары сапалы дайын өнімдерді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар бірегей және әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңда зауыт бериллий өнімдерін өндіру бойынша әлемде 2-ші және тантал өнімдерін өндіру бойынша 4-ші орында.

Бұл қызмет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның сирек металл және жерде сирек кездесетін металдар саласындағы 2022 – 2029 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар өнімнің жаңа түрлерін жасау, кәсіпорындарда пайдалы құнды компоненттерді алу технологияларын жетілдіру, ғылымды қажет ететін өндірістерді ұйымдастыру мақсатында әзірленген.

Еске сала кетсек, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС-ге иелік етуін тоқтатты. Зауыт Қазақстанның Түркістан облысы, Созақ ауданы, Таукент ауылдық округінде орналасқан.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жыл үшін дайындалған аудиттелген шоғырландырылған қаржылық есептілікті жариялады. Компанияның былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгені құрап, 23% артқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз