Ресейлік мұнай компаниясы Қазақстанда жанармай құю стансасын ашты

Жарияланды
Бұған дейін аталған компания Өзбекстанда жанармай құю стансасын ашқан / Фото: «Лукойл»

Ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы Қазақстанда алғашқы франчайзингтік жанармай құю стансасын ашты. Бұл туралы компанияның Telegram-дағы ресми арнасында жазылған.

Бұған дейін компания 2023 жылдың наурыз айында франчайзингтік жобалар арқылы Қазақстандағы бөлшек автожанармай нарығына шығу жоспары туралы хабарлады. Сонымен қатар Өзбекстанда жанармай құю стансасын ашқан.

«Лукойл» Қазақстанда 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнай өндіру және тасымалдау, жағармай және жасыл энергия өндіру жобаларын әзірлеуде. Компания Теңіз (5% үлеспен), Қарашығанақ (13,5%), Құмкөл (50%) өндіру жобаларына, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қатысады.

Еске сала кетсек, Ресейлік «Лукойл» ЖАҚ «ҚазМұнайГаздан» Kalamkas Khazar Operating  компаниясының 50% үлесін 200 млн долларға сатып алған еді. Аталмыш компания Каспий теңізі қайраңындағы «Қаламқас-Теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындарында мұнай өндіру құқығына ие.

«2023 жылдың 21 қыркүйегінде «Лукойл» АҚ 200 миллион доллар көлемінде ақшалай өтемақы төледі (төлем күнінде 94,644 миллион теңгеге тең)», – деп жазылған «ҚазМұнайГаз» есебінде.

Өз кезегінде ҚМГ бұрынғы еншілес кәсіпорнына 93,2 млрд теңге (шамамен 200 млн доллар) инвестиция салған.

Сондай-ақ оқыңыз