СІМ өкілі Брест қаласында Қазақстанның Бас консулдығы не себепті ашылғанын түсіндірді

Жарияланды
Брест қаласындағы Қазақстан консулдығы штат санын сақтай отырып, Бас консулдыққа айналды / Фото: shutterstock

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Беларусьтің Брест қаласында Қазақстанның Бас консулдығы не үшін ашылғанын түсіндірді.

Журналист Ресей мен Беларусь Батыс санкциясының астында қалып жатқанда, не себепті Брестен Қазақстанның бас консулдығы ашылғанын сұрады.

«Бұл жерде консулдық 1991 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Консулдықтың штат санын өзгертпей Бас консулдыққа айналдырдық. Өйткені өздеріңіз білесіздер, Брест Еуропаның түбінде орналасқан. Бұл – транспорттық коридор. Сіздер санкция деп, басқа жаққа бұрып кетесіздер. Біздің жүктер қай жақтан өтеді? Басқа елден өтпейді ғой. Сол елден өтеді. Сондықтан біздің сол елде біздің Бас консулдықтың болуы қажет. Қаншама біздің азаматтарымыз, жүк тасымалдайтын көліктер сол жерден өтіп жатыр. Шекарада мәселелер болады. Кеден мәселелері бар. Беларусь елімен кедендік одақтамыз. Сол мәселелердің барлығын шешу керек», – деді СІМ өкілі.

Сонымен бірге брифинг барысында журналистер: «Бас консулдықтың ашылуы шекарадағы жүк көліктері кептелісінің мәселесін шешуі мүмкін бе?» , – деп сұрады.

«Жүк тасымалдаушы көліктердің кептелісі бұл дипломаттардың кесірінен емес, ол – өңірдегі жағдайға байланысты. Өздеріңіз біліп отырсыздар. Еуропамен өңірдегі елдердің қарым-қатынасын көріп отырсыздар. Сондықтан оның барлығын дипломаттармен байланыстырып қойған дұрыс емес. Әрине, біз барлық күш-жігерімізді салып онымен күресуге тырысамыз. Егер ол жерде бізге қатысы жоқ, өздерінің мәселелері болса, біз барынша еуропалық тараппен, Беларусь тарапымен жұмыс істеп, мәселені шешуге тырысамыз», – деді Смадияров.

Еске сала кетсек, қаңтар айында Ресей-Беларусь шекарасында кедергілерге тап болған қазақстандық жүк тасымалдаушылар Көлік министрлігінің жаңа жүйесін сынға алды. Олар бекеттен қазақстандық паспортпен екі ел шекарасын асуға шектеу қойылғанын айтты. Нәтижесінде отандық тасымалдаушылар тапсырыстан қағылып, қосымша шығынға ұшыраған. Осыған орай жүк тасымалдаушылары Көлік министрлігінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз