Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі көтеріледі

Жарияланды
Алматыда тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі айына бір адамға 718,5 теңгеге артады / Фото: kursiv.media

Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер көтерілді. Бұл жайлы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәслихат депутаттарының шешімімен жылдық тариф 1 текше метр қалдық үшін 3 309 теңге болып бекітілген. Айлық тариф бір адамға айына 718,5 теңгені құрамақ.

Тарифтерді көтеруге 2017-2023 жылдар аралығында нарық бағаларының өсуі себеп болған. Нарық қатысушыларының мәліметінше, 2017 жылдан бастап орташа жалақы 2 есеге, дизель отынының орташа құны 3 есеге ұлғайған. Сонымен бірге арнайы техниканың қосалқы бөлшектеріне шығындар өскен.

Тарифтер көтерілгенімен қатар, халықтық әлеуметтік осал топтарына берілетін көмек көлемі де артпақ.

«Әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығыстарды өтеу үшін 2024 жылдың 1 мамырынан бастап ХӘОТ санатындағы 315 430 тұрғынға 0,05 АЕК (1846 теңге) көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленетін болады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Алматы әкімдігі ҚТҚ жинау және оны шығару үшін инфрақұрылымды сапалы жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соған сәйкес алдағы уақытта тереңдетілген контейнерлер орнатыла бастайды. 2024-2025 жылдары 671 контейнер алаңында 2 905 тереңдетілген контейнерді ауыстыру және орнату жоспарланған. 2024 жылғы қаңтарда GPS-трекерлермен жарақтандырылған заманауи арнайы техника жұмыс істей бастайды.

Сонымен бірге Алматы мәслихатының депутаттары коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіткен. Оған сәйкес жаңа редакциядағы үй иелері үшін коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының есептік нормалары бір тұрғынға жылына 2,33 текше метрді құрайды

Еске сала кетсек, 1 маусымнан бастап электр энергиясының да шекті тарифі өзгереді. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім берген. Соның ішінде 20 энергия өндіруші ұйымның тарифі бұрынғы деңгейде сақталмақ.

Сондай-ақ оқыңыз