Билли Айлиш пен Лана Дель Рей бір сахнада: Калифорнияда басталған Coachella фестивалі туралы не білеміз?

Жарияланды
Коачелла 2024
коллаж kursiv.media

Жыл сайын шуақты көктемде әлемнің түкпір-түкпірінен музыка мен өнер сүйер қауымды Калифорния штатындағы Индио қаласына жинайтын әйгілі Coachella фестивалі туралы не білеміз?

Дәстүрінен жаңылмай фестиваль биыл да сәуірдің 12-сі күні салтанатты түрде ашылды. 21 сәуірге дейін жалғасатын жиында Лана Дель Рей, Билли Айлиш, Шакира, No Doubt, Doja Cat и Tyler, The Creator сынды бірқатар әлемдік жұлдыз өнер көрсетеді.

Алғашқы фестивальдер

Coachella – америкалықтар арасында кеңінен танылған тәуелсіз музыка мерекесі. Калифорниядағы бай-бағландар тұратын Индио қаласының маңындағы Кочелла жазығында өтетіндіктен, фестиваль солай аталып кеткен. Ресми фестиваль 1999 жылдан бері өткізіліп келгенімен, алғашқы басқосу 1993 жылы болған. Фестиваль өтетін локация ірі іс-шаралар ұйымдастыруға таптырмас орын екенін түсінген соң, ұйымдастырушылар түрлі эксперименттерге кірісті. Сондықтан алғашқы жылдары фестивальге қызығушылық та, одан келетін кіріс те аз болды. 

Фестивальдің ресми ұйымдастырушылары Goldenvoice компаниясы бірнеше жылдық тәжірибеден кейін 2012 жылы ойын форматына тоқталады. Дәл осы жылы Кочелла жазығына 100 000 мың көрермен жиналып, жақсы табыс әкеледі. Содан бері музыка мен белсенді демалыс мерекесі сәуірде өткізіліп, екі кезеңнен тұрады. 

Фестиваль концепті

Әр кезең үш күнге жалғасады, екі кезең арасында бір апта демалыс. Концепті қарапайым. Екі кезеңде де арнайы дайындалған концерт өткізіледі, тек кеш қонақтары (surprise performers) әртүрлі. Ол қонақтар концерт басталғанша, еш жерде хабарланбай, көрермендер жұлдыз сахнаға шыққан соң ғана біледі.

Мерекелік фестивальге деген қызығушылық жыл сайын артып, кіріс те жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мерекелік іс-шараға үкімет те ат салысады. Индио қаласы полиция, өрт сөндіру, күзет, медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етеді. Үш апталық жиынға қала әкімшілігі тарапынан жұмсалатын қаражат 3 млн АҚШ долларынан асып түседі. 

2024 жылы концерттің хедлайнері Лана Дель Рей болды. Оған қонақ болып Билли Айлиш келіп, екеуі бірге орындаған Ocean Eyes және Video Games әндерінің көрсетілімі мыңдаған қаралымға ие болды.

Қоғамдық жауапкершілік

Бара-бара фестиваль де әлеуметтік, қоғамдық, жаһандық мәселелерге көңіл бөліп, фестиваль барысында насихаттауға кірісті. Global Inheritance калифорниялық коммерциялық емес ұйымның ықпалымен жаһандық климат мәселесі фестивальдің негізгі тақырыбына айналды. Жыл сайын жергілікті қолөнершілер қоқыстан, қалдықтардан түрлі бұйымдар жасап, фестиваль өтетін жерді безендіреді. 2007 жылдан бері жиынға келген әр көрермен «10-ға 1» кампаниясы аясында 10 бос бөтелке жинап, оны 1 сусынға айырбастай алады. 2009 жылы пластикті қолдануды азайту мақсатында ұйымдастырушылар 10 доллар тұратын бөтелке сатты. Оны фестиваль өтетін алаңдағы кез келген су станциясынан толтырып алуға болады. 

2003 жылдан бері Coachella кәмпиңге рұқсат етті. Поло ойнауға арналған жазықта күрке құрып, тұру мүмкіндігі бар. Бірақ бұл тіршілік қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек. Сондықтан кәмпшілерге заттарды қайта қолдану, қоқыссыз өмір, телефондарды балама энергия көздері арқылы қуаттандыру сияқты мүмкіндіктер ұсынылады. 

Билет бағасы

Viagogo билеттер сатумен айналысатын платформаның статистикасына сүйенсек, 2015 жылы Coachella халық арасында танымал фестиваль ретінде Tomorrowland би фестивалінен кейін 2-орынға жайғасқан. Coachella музыка мен сән саласындағы «трендсеттер», яғни тренд қалыптастырушы жиын саналады. Өйткені қазір фестивальге инфлюенсер, блогер, қоғам белсенділері көптеп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, билет сатылымға шыққаннан кейін жарты сағат ішінде толықтай сатылып кететін көрінеді. Ал билеттер қыста және жазда сатылады. Фестивальдің ресми сайтында билеттер 499 АҚШ долларынан, ал VIP билет 1069 АҚШ долларынан басталады.

Қоғамға үлесі

Жоғарыда атап өткеніміздей, Coachella жай ғана ойын-сауық фестивалі емес, жаһандық проблемаларға назар аудартуға тырысатын, мәдениет саласының трендсеттеріне айналды. Фестивальге жиналғандар ерекше киінуге, мақсаты, мәні бар костюмдер дайындауға тырысады. Образдар әртүрлі мата, түсті қамтиды, тіпті этникалық алуандықты да байқауға болады. 2012 жылы Coachella-ның экономикаға үлесі зерттелді. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, фестиваль сол аймаққа 254,4 млн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелген. Ал фестиваль өткізілетін аймақ Колорадо шөлінің бір бөлігі саналады. Жоғарыда аталған соманың 89,2 млн доллары Индио қаласына бағытталса, ал 1,4 млн доллары салық ретінде төленді. 

Фестиваль табысы 2006 жылы 9 млн АҚШ долларын құраса, 2016 жылы 94,2 млн долларға жеткен. Ал 2018 жылы 115 млн долларға жуықтаған. Яғни фестивальден түсетін табыс жыл санап артып жатыр. 

Атаулы іс-шараға әлемнің кез келген азаматы қатыса алады. Кочелла жазығы Лос-Анджелес әуежайынан 3 сағаттық жерде орналасқан. Жеке ұшақпен немесе тікұшақпен фестиваль алаңына дейін жеткізу қызметтері де қарастырылған. 

Сондай-ақ оқыңыз