Астанада «Fizmat Chess Open 2024» турнирі өтті

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Астана қаласында 2024 жылы 13-14 сәуір күндері жылдам шахматтан «Fizmat Chess Open 2024» турнирі өтті. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен 1-9 сынып аралығындағы 300 оқушы қатысты. Бұл шараны Қазақстан шахмат федерациясы мен Республикалық физика-математика мектебі жыл сайын ұйымдастырады.  «Fizmat Chess OPEN» – жыл сайын өтетін ауқымды турнирлердің бірі.

Шара екі бөлімнен тұрады. Оның біріншісі, Астанада, екіншісі, Алматыда ұйымдастырылды. Елордада 302 жас шахматшы сынға түсті.

Көптеген жүлдеден бөлек,  ең басты олжа  – республикалық физика-математика мектебінде оқуға тегін грантын ұтып алуға болады. Осы жолы Алдияр Аңсат бірінші орынды иемденді. Ол 11 ойында да ешкімге дес бермеді. Одан кейін Сүлейман Ахмет екінші, Әмір Төлегенов үшінші орын алды. Қыздар арасында Диана Тыныштық үздік нәтиже көрсетті. Айару Алтынбек екінші, Нұрсұлу Оразалина үшінші орын алды.

«Кейінгі жылдары  шахматты оқушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында бірнеше ірі жобаларды қолға алдық. Олардың көпшілігі нәтиже бере бастады, басқалары ұзақ мерзімді перспективаға арналған. Бірақ бұл жұмыста бізді көптеген пікірлестің, соның ішінде республикалық физика-математика мектебінің де қолдап жатқаны қуантады. Тарихқа көз жүгіртсек, РФММ тек орта білім беруде ғана емес, қазақстандық шахматта да алдыңғы қатарда. Бірлескен күш-жігер арқылы еліміздің әрбір мектебінде шахмат пайда болады және бұл турнир жас қазақстандықтар үшін ерекше құлшыныс сыйлайды деген ойдамын», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Айта кетерлігі, Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстанда шахматты дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде еліміздегі 983 мектепте шахмат 2-сыныптан бастап оқытылады, 110 мектепте міндетті пән ретінде енгізілген. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап 1-сыныптан бастап 42 мектепте «Мектептегі шахмат» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылды.

Сондай-ақ оқыңыз