Жаңалықтар

Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды

Тоқаев қол қойды
Тоқаев әйелдер мен балаларды қорғауды көздейтін екі заңға қол қойды / Фото: kursiv.media

Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойған. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.

Ата-ана құқығынан айыру туралы

Еске сала кетсек, заңдарды Сенат 11 сәуір күні мақұлдаған болатын. Бұл заңдар қоғамда көп талқыланды. Кейбір қазақстандықтар заңға өзгеріс енгізуге қарсы шықты. Өйткені онда «кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ Кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді» деген норма бар. Көпшілікті осы норма алаңдатқан.

Бұл мәселені Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі де көтерді. Ол «заңдағы жаңа нормалар автоматты түрде ата-ана құқығынан айыруға әкеп соқтырмай ма?»,  – деп сұрады. Алайда Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ата-аналар құқығынан айыру тек соттың шешімімен және қылмыстық іс-әрекеттер дәлелденген жағдайда ғана жүргізілетінін айтты.

Өз кезегінде ІІМ орынбасары Игорь Лепеха да ата-ана құқығынан айыру процесі ұзақ тексерулерден кейін ғана жүзеге асырылатынын, жаңа заң жаппай ата-ана құқығынан айыру жағдайларына әкелмейтінін жеткізді. Сонымен бірге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та заңның ата-аналарды баладан ажыратуды көздемейтінін, қоғамда бұл нормаға қатысты қате түсінік қалыптасқанын мәлімдеді.

Мұның алдында заң жобасы Мәжілісте біраз уақыт талқыланды. Депутат Жұлдыз Сүлейменова бала құқын қорғауға қатысты заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту мәселесі қарастырылмағанын мәлімдеді.

«Заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту нормалары қарастырылмаған. Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге арналған, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке отбасы заңнамасының қағидаттарын бекітуді ұсынып отырмыз», – деді депутат.

Басқа қандай нормалар бар?

«Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Жаңа заңға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді. Кей тұстарда заңбұзушылықтар үшін жаза әкімшілік жазадан, қылмыстық жазаға ауысты.

Ақорданың телеграм арнасы кейбір баптарды былайша түсіндіріп өтті:

«денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;

неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;

отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады;

тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;

өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтірудінасихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;

кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;

білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;

16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды» делінген хабарламада.