Таяу Шығыстағы қақтығыс: СІМ Израиль мен Иранда қанша қазақстандық барын айтты

Жарияланды
Қазір Израиль мен Иранда қанша қазақстандық бар? / Фото: kursiv.media

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қақтығыс болып жатқан Израиль мен Иранда қанша Қазақстан азаматы бар екенін айтты.

Ресми өкіл Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Израиль мемлекетінің аумағында консулдық есепте тұрған 123 Қазақстан азаматы бар. Оның ішінде Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен отбасы мүшелері де бар.

«Кейбір расталмаған деректер бойынша Израильде қосымша 100-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Олар консулдық есепке мүлдем тұрмаған. Бірақ енді бір-бірімен неше түрлі чаттарда, әлеуметтік желі арқылы араласып жатады, сол арқылы біліп жатамыз. Ондай азаматтардың консулдық есепке тұруға мәжбүрлей алмаймыз»,–деді СІМ ресми өкілі брифинг барысында.

Ал Иранда 104 Қазақстан азаматты консулдық есепте тұр.

 «Оның ішінде Қазақстан елшілігінің қызметкерлері және солардың отбасы мүшелері бар. Бұған қоса Иран аумағында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың бірінде 174 қызметкер бар. Олар  вахталық тәсілмен жұмыс істегендіктен, консулдық есепке тұрмайды. Олардың бәрімен тікелей  байланыс орнатылған, бәрі бақылауда»,–деді Айбек Смадияров.

Айбек Смадияров жағдай бақылауда екенін жеткізді. Екі ел арасындағы қақтығыс шиеленісіп кетсе, мелмекет сол аумақтардағы Қазақстан азаматтарына міндетті түрде көмек қолын созады деп түсіндірді.

«Өздеріңіз білесіздер, жағдай оңай емес. Бұл бір түннің ішінде болған жағдай емес. Алдын-ала айтылды, ескертілді. Егер біздің азаматтар сол өңірде жүрсе, өз қауіпсіздіктерін ойлау керек. Бірақ қос елдегі Қазақстан елшілігі  24 сағат жұмыс істейді. Олардың телефон нөмірі интернетте көрсетілген. Қазақстан азаматтары Иранда да, Израильде де бар. Ертең не болатынын ешкім білмейді. Қазіргі таңда Иранда да, Израильде де барлық әуежай, шекара ашық жұмыс істеп жатыр. Сондықтан оларға бармаңдар, барыңдар деп кеңес бере алмаймыз.  Әр адам өзі шешу керек. Егер жағдай қатты күрделеніп жатса, әрине, мемлекет бәріне көмектеседі. Әзірше бәрі дұрыс «, – деді ол.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін мәлімдеп, тараптарды татуластыруға шақырды.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады. Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді», – делінген Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

Таяу Шығыстағы жанжал көптеген мемлекетті алаңдатып отыр. Иран, Ирак, Иордания, Ливан, Израиль, Египет, Сирияда геосаяси ахуал өте күрделі. Алматы халықаралық әуежайы рейстер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық шара қарастырылып жатқанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары жоғарыда аталған елдердің әуе кеңістігін айналып өту мақсатында рейстер кестесін қайта қарауда. Құрметті жолаушылар, рейстердің мәртебесін ресми сайттарда немесе әуе компаниялардың байланыс орталықтары арқылы бақылап отыруларыңызды сұраймыз», – делінген Алматы әуежайының хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз