Қазақстандағы су тасқыны: СҚО-да 5411 үйді су басты. Ақтөбенің Торғай өзені де арнасынан тасыды

Жарияланды
Табиғи апат басталғалы 111 194 қазақстандық құтқарылды / Фото: ТЖМ

Қазақстанның 5 өңірінде 5411 үй су астында қалды. Табиғи апат басталған уақыттан бері құтқарылған қазақстандықтардың саны 111 194-ге жетті.  Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш елдегі жағдайға байланысты соңғы мәліметтермен бөлісті.

ТЖМ өкілінің сөзінше бүгінде Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 5 411 жеке тұрғын үй, 1 607 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлерін су шайып кеткен.

«Үйлеріне 11 950 адам оралды. Уақытша орналастыру пунктерінде 6 814 адам, оның ішінде 2 995 бала бар. 9,5 млн текше метрден астам еріген су тартылды, 2,2 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді.Авариялық-құтқару жұмыстарына 33 334 адам және 4 066 бірлік техника, оның ішінде 835 су айдау құралдары, 275 жүзу құралдары, 11 әуе кемелері жұмылдырылды.

Сондай-ақ, ол тасқын аумағындағы тұрғындарға уақытша паналау орталықтарынан рұқсатсыз кетуге болмайтынын ескертті.

«Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 төтенше жағдай режимі әрекет етеді.  Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пунктерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады», – деді Ерасыл Сайпаш.

Солтүстік Қазақстанда жағдай әлі де күрделі

Солтүстік Қазақстан өңірінде су басу қауіпі  әлі де сақталуда. Бүгінде өңірде су басқан үйлердің саны 2122-ге жетті. Бір тәулікте 436 үйге су кірген. Петропавл тұрғындары тасқынынан ең көп зардап шекті – 1105 үй су астында қалған.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тасыған Есіл өзенінің суы төмен қарай кетіп барады. Сондықтан өткен тәулікте тасқын су Соколовка, Вишневка, Ольшанка, Большая малышка елді мекендеріне кірген. Мұндағы тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды.

Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың саны 10 345 адамға жетті. Оның 3 мыңы өткен тәулікте эвакуацияланды. 10 мыңға жуық адам туған-туыстарын паналаған. Үй жануарлары да қауіпсіз жерге шығарылып жатыр, олардың жалпы саны – 4 мыңға жуық,-деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.

СҚО-дағы Сергеев су қоймасындағы су деңгейі өткен тәулікте -29 см-ге түсті, қазір шамамен 152 % толған. Ал Петропавл су қоймасының деңгейі керісінше көтеріліп келеді. Өткен тәулікте 57 см-ге көтеріліп, 114,78% толған.

Торғай өзені тасып, тағы бір ауылға су кірді

Ақтөбе облысында Торғай өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Нұра ауылындағы қорғаныш бөгетінің топырақ үйіндісін шайып кетті. Салдарынан Нұра ауылын су басқан.

Нұра, Мамыр ауылдарында 327 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды. Жағдайды зерттеу үшін Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов барды. Алдын ала 1100 дана қаптар салу және 390 тонна инертті материал жеткізу жұмыстары жүргізілді.

«Сонымен қатар ТЖД басшылығы жетекшілігімен Қорғаныс Министрлігі ұшағымен құтқарушылар Нұра ауылы Ырғыз ауданы Мамыр, Нұра, Белшер ауылдарынан 3 күн ішінде 685 адам оның ішінде 363 бала  эвакуацияланды»,- деп хабарлады вдеомство.

Әкімдіктің мәліметінше, Нұра ауылында 112 тұрғын үй бар, 691 адам тұрады.

Құлсарыдағы ахуал:  Жем өзенінің су деңгейі 20 см-ге төмендеді

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев атап өткендей, Құлсары қаласында газ беру үрдісі қалпына келтіріледі.  Бұл үшін екі ауысымда жұмыс істейтін 4 бригада жұмылдырылған.

«Электр қуатын беру және су айдау жұмыстары жалғасуда. Қоғамдық көлік қозғалысы да жаңғыртылды. 12 бағыт бойынша 55 автобус жүреді. Бір реттік төлемдерге өтініштер қабылдау басталды. Теңіз вахталық кентіне эвакуацияланған тұрғындар өтінішті сол жерден бере алады», – деді спикер ОКҚ брифингінде.

Жалпы Жем өзенінің су деңгейінің 20 см-ге төмендеуі байқалады.  Жайық өзеніндегі су тасқынына дайындық аясында жоспарланған 223 шақырым бөгеттің 123 шақырымы жасалды. Жағалауды нығайту жұмыстарына 935 бірлік техника, түрлі ұйымның 2,5 мың қызметкері және 3,5 мыңнан астам еріктілер жұмылдырылған.

Қазгидромет не дейді?

«Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова мәлімдегендей Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жаңбырлы болады. Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктің таулы аймақтарында қатты жаңбыр күтіледі, елдің солтүстігінде түнгі уақытта жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Ел аумағында найзағай, тұман, жел күшейеді, еліміздің оңтүстігінде дауыл болады.

«Төрт облыс бойынша гидрологиялық дауылды ескертулер сақталуда. 16 – сәуірге дейін Алматы облысында қар көшкіні бойынша ескерту жарияланды. Абай облысы мен ШҚО бойынша дауылды ескерту бар, мұнда еріген су және беткейлік ағындардың қалыптасуы және өзендердегі су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтіледі. Қостанай облысында 17 – сәуірге дейін облыстың солтүстік және солтүстік-шығысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Сондай – ақ Жамбыл облысында 16 – сәуірге дейін таулы және тау бөктеріндегі аудандарда көлбеу ағынның қалыптасуы және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтілуде»,-деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова ОКҚ республикалық ақпараттық штабында өткен брифингте.

Сондай-ақ оқыңыз