Қазақстандағы тұтынушылық сенім индексі наурыз айында пессимистік аймақта қалды

Жарияланды
shutterstock.com

Елімізде тұтынушылық сенім индексі (ССІ) пессимистік аймаққа енбей тұрып-ақ төмендеп кетті. Қазақстандықтар бағалар мен тауарлардың өсуіне аса тоқтала қоймаса да (бірақ азық-түліктің негізгі өнімдері мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы бұрынғысынша алдыңғы қатарда), жыл соңына дейін бағаның өсу динамикасын бағалауда пессимистік ұстанымға көбірек жүгінуде. Респонденттер еңбек нарығындағы жағдайға алаңдаулы. Дегенмен кредиттік оптимизм жоғарылай түскен, есесіне депозиттік оптимизм төмендеп кеткен.

Назарларыңызға Freedom Finance Global PLC жүргізген тұтынушылардың сенім индексіне қатысты 17-ші зерттеудің нәтижесін ұсынамыз. United Research Technologies Group әдістемесі негізіндегі бұл зерттеу 2022 жылдың қараша айынан бері ай сайын жүргізіліп келеді.

Пессимистік аймаққа қайта оралғанда

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап қазақстандықтардың тұтынушылық сенім индексі төмендеу бағытына қарай ығыса берді. Бұл тренд биыл мамырда тереңдей түсті де, ССІ индексі зерттеу барысындағы ең төменгі мәнге: 95,1 тармақ деңгейіне келіп тоқтады. Естеріңізде болса, биыл ақпанда біз тұтынушылық сенім индексінің бейтарап аймақтағы балансы туралы сөз қозғадық (сол тұста көрсеткіш 100 балл деңгейіне жете қоймаған-ды). Ал наурызда ССІ ақпандағы 100,7 тармақтан бірден 5,6 тармаққа күрт төмендеп кетті. Осыған ұқсас нәтиже 2023 жылдың наурыз айында да байқалды. Сол кезде ССІ 95,7 тармақ деңгейіне келіп жеткен-ді. Бірақ ол күрт төмендеу емес, біртіндеп төмендеу болатын. Яғни наурыздағы 101,8 тармақтан – сәуірде 96,5 тармаққа дейін (төмендеу көрсеткіші 4,5 тармақ) және мамыр айында 95,7 тармаққа дейін (төмендеу көрсеткіші 0,8 тармақ). Осылайша, ағымдағы айда, бүкіл зерттеу кезеңі бойынша алғанда, тұтынушылар сенімінің күрт төмендеуі көрініс берді дей аламыз.

Төмендеу көрсеткіші барлық субиндекстер бойынша байқалды. Оның ішінде: ел экономикасындағы өзгерістер индексі (11 тармаққа: 77,2-ден 66,2 тармаққа дейін), ҚР экономикасында қысқа мерзімді перспективада (7,7 тармаққа, яғни 122,3 тармаққа дейін) және ұзақ мерзімді персективада күтілетін өзгерістердің индекстері (6,9 тармаққа, яғни 124,6 тармаққа дейін) біршама төмендеп кеткен. Сөйтіп қазақстандықтар наурыз айында елдің былтырғы экономикалық жағдайына да, биылғы экономикалық өзгерістер болжамына да мейлінше пессимистік баға берген. Ағымдағы жағдайды бағалау индексі 75,3 тармаққа дейін төмендеп, 5,9 тармақ жоғалтқан (бақылау барысындағы ең төменгі мән). Тұтынушылық күту индексі 124,7 тармаққа дейін төмендеп, 5,7 тармаққа қысқарған.

Жастардың көңілі пәс

Соңғы айларда гендерлік айырмашылық біршама тең келе бастағанын ескерсек, наурызда ерлердің де, әйелдердің де тұтынушылық сенім индексі бір шамада төмендеп кеткені байқалды. Ерлердің ССІ көрсеткіші 5,9 тармаққа төмендеп, 94,5 тармаққа жетсе, әйелдердің ССІ көрсеткіші 5,3 тармаққа төмендеп, 95,3 тармақты құраған. Ескеретін жайт – 2023 жылдың соңынан бері елімізде әйелдерге қарағанда ерлер пессимистік ұстанымға ептеп болса да көбірек ден қоюда.

Әдеттегідей, ең қызықты дейтін мәліметтер тұтынушылардың жас ерекшелігі аясында қалыптасуда. Жастар жағы позитивті аймаққа тән тұтынушылық сенім индексін көрсеткенімен (107, 6 тармақ деңгейіндегі), ССІ көрсеткішінің ең елеулі төмендеуі де қазір жастар тарапынан байқалуда (төмендеу көрсеткіші 11,2 тармақ). 33–44 жастағылар арасында да біршама төмендеу бар (6 тармаққа, яғни 95,1 тармаққа дейін). Наурызда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша олардың ССІ көрсеткіші пессимистік аймаққа ығысқан. Жас шамасы бұдан үлкен дейтін респонденттер арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Олар бұған дейін де ұстамды, пессимистік бағаларға жүгінетін. 45–59 жастағылардың ССІ көрсеткіші 1,8 тармаққа (89,8 тармаққа дейін), ал 60 және одан да жоғары жастағы кісілердің көрсеткіші 2,4 тармаққа (86,8 тармаққа дейін) төмендей түскен.

Өңірлердегі жағдай

Әдетте позитвті көрсеткіштер байқалатын облыстарда биыл наурызда тұтынушылық сенім индексі күрт төмендеп кетті. Атырау облысында 13,3 тармақ (88,8 тармаққа дейін), Ақтөбе облысында – 17,6 тармақ (85,6 тармаққа дейін), Маңғыстау облысында – 14,2 тармаққа (102,7 тармаққа дейін). Макроаймақ аясында тұтынушылық оптимизмі төмендемей, керісінше, өсе түскен бірден-бір облыс – Батыс Қазақстан облысы (+5 тармақ, 101,4 тармаққа дейін). Яғни биыл наурызда еліміздің батыс өңірі бойынша позитивті аймақта екі облыс тұрақтап қалды. Олар – Маңғыстау және БҚО.

Наурыздағы зерттеу қорытындысы бойынша тұтынушылар сенімінің позитивті аймағында ең жоғары көрсеткішпен Түркістан облысы (104,1 тармақ) және республикалық маңызы бар Астана (100,1 тармақ), Шымкент (100) қалалары жайғасқан. Наурызда Алматы қаласы позитивті аймақтан шығып кетті. Мұнда ССІ көрсеткіші 6 тармаққа төмендеп, 94 тармақты көрсетті (94,8 тармақ деңгейіндегі тамыз көрсеткішіне жақындап қалды)

Батыс Қазақстан облысымен қатар, наурыз айында тұтынушылық оптимизм көрсеткен тағы екі облыс пен бір қала бар. Оолар: Ақмола (+0,8 тармақ қосып, 93,9 тармаққа жетті), Қостанай (+2,4 тармақ қосып, 90,7 тармаққа жетті) облыстары және Астана қаласы (+2,9 тармақ қосып, 100,1 тармақты көрсетті). Қолдағы мәліметтерді қорытындылай келсек, өңірлік контексте бұған дейін байқалған айырмашылықтар азая түскен. Бірақ ел ішіндегі өңірлердің басым бөлігі пессимистік аймақта қалып отыр.

Қаржы мәселесі алаңдатпай қоймайды

Биыл ақпанда қазақстандықтардың арасында ешнәрсеге алаңдай қоймайтын респонденттер үлесі 35,7%-дан 31,5%-ға дейін төмендей түскенін айтып өттік. Ал наурызда олардың үлесі тағы да 30,8%-ға дейін төмендеп кеткен. Қаржылық қиындықтар мен ақша жетіспеушілігіне, қарыз және қарызды өтеу мәселесіне алаңдап отырған респонденттердің үлесі біртіндеп өсіп келеді. Олардың үлесі наурызда 0,2 пайыздық тармаққа сәл өскен – 24,5%-ға дейін (қарашадағы 24,6% деңгейіндегі көрсеткішке жетіп қалды). Денсаулыққа қатысты түйінді мәселелер де наурыз айында алаңдауға негіз болған үш себептің бірі болған. Ел ішіндегі әрбір оныншы отандасымызды өзінің не жақындарының денсаулығы мазалап, толғандырады екен.

Инфляция, бағалар мен тарифтердің қымбаттауы қазір қазақстандықтарды ептеп болса да аз мазаласа керек. Ақпандағы көрсеткішке қарағанда, наурызда бұл мәселелерге алаңдаушылық танытқандардың үлесі 2,2%-ға азайып, 9,7%-ды құраған. Есесіне респонденттерді наурызда жұмыс, оқу, бизнес мәселелері (+3 п.т.), отбасындағы тұрмыс мәселелері (+0,6 п.т.) көбірек алаңдатқан. Қазақстандықтарды мазалап отырған тақырыптардың арасында үшінші ай қатарынан табиғи апаттар (5,9%) мен табиғат құбылыстары (4,7%) да көрініс беруде. Бұл айда алаңдауға дес берген басты себеп – еліміздің батыс, солтүстік және орталық өңірлеріндегі су тасқыны мен топан судың тауқыметі. Қазақстандықтарды алаңдатып отырған мәселелерді арасында, сондай-ақ Мәскеуде «Крокус Сити Холлда» орын алған теракт пен бұрынғы ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың соты да бар

Ақпаннан кейінгі баяулау

ҚР Ұлттық статистикалық бюросының дерегінше, жылдық инфляция 2023 жылдың қыркүйегінен бері баяулап келеді. Ақпан айымен салыстырғанда наурызда жылдық инфляция 0,2%-ға төмендеп (жылма жыл алғанда), 9,1%-ды құрады. Наурыздағы зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, тұтынушылар тауарлар мен қызметтер құнының күрт өсуіне сәл де болса азырақ мән бере бастаған. Бағаның қымбаттауын байқағандардың үлесі 1,3 п. т. деңгейінде төмендеп, 58,8%-ға жеткен (ақпанда – 60,1% болатын). Бұл желтоқсандағы көрсеткішке бір табан жақындау мәлімет (58,7%). Сонымен қатар бағалар бұрынғы қарқынмен өсіп келеді дейтіндердің үлесі 2,9%-ға артқан. Бұған дейін де айтылғандай, шамамен әрбір төртінші қазақстандық бағаның өсу динамикасын салыстырмалы түрде тұрақты деңгейде деп есептейді (23,4%).

Ақпанда үдей түскен айлық инфляция наурызда қайтадан баяулап, 0,7%-ды құрады (ақпандағы көрсеткіш 1,1% болатын). Сәйкесінше айлық инфляцияға негізделетін тұтынушылар да ақпан айында берген бағаларын біршама оптимистік сипатта түзетуге ден қойған –  тауарлардың бағасы күрт өсті деп есептейтін респонденттердің үлесі 2,9%-ға төмендеген (44,2%-ға дейін). Бағалар ептеп қана қымбаттады дейтіндердің үлесі 1,6%-ға өскен (14,6%-ға дейін). Ал баға өзгерген жоқ деп есептейтіндердің үлесі 1%-ға өскен (5,5%-ға дейін).

Күтілетін және нақты инфляция

Ақпандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2024 жылдың наурызында күтілген жылдық инфляцияның деңгейі өзгерген жоқ: 8,8%-ды құрады Бұл – 9,1%-ға жеткен жылдық нақты инфляция (ҚР ҰСБ мәліметінше) деңгейінен төмен көрсеткіш. Ақпан айында тіркелген белгісіздік жағдайы 3,7%-ға төмендеді, ал «пессимизмге» барынша берілген респонденттердің үлесі 3,5%-ға өсті.

Халық тарапынан күтілетін пайым-болжамдар инфляциялық процестердің нақты динамикасынан әлі де болса қалыс қалып отыр. Наурызда күтілген инфляцияның болжанған инфляцияға арақатынасы 0,94-ке дейін ғана ептеп өсті. Бұл арада халықтың маусымдық өнім арзандайды деп күткен пайымын да есепке алу керек.

Сезіп, байқау көрсеткіштері

Бағаның қымбаттауын, әдетте, әйелдер бірден байқайтынын білеміз. Дегенмен биыл наурызда бір ай ішіндегі бағаның өсу мүмкіндігін бағалауда гендерлік айырмашылық көрсеткіші төмендей түскен. Ерлермен салыстырғанда (төмендеу көрсеткіші –1,3 п. т. деңгейінде, яғни 40,3%-ға дейін), әйелдер алдағы айда бағаның күрт өсуі туралы болжамдарын наурыз айында едәуір төмендеткен (–4,5 п. т. деңгейінде, яғни 47,6%-ға дейін). Ал бағаның бір жыл ішіндегі өсу мүмкіндігін бағалауда ерлердің ұстанымдарын біршама оптимистік сипатта деуге келеді. Пессимистік сипаттағы бағалардың үлесі ерлердің арасында 2 пайыздық тармаққа төмендеген (54,5%-ға дейін). Әйелдердің үлесі бар болғаны 0,6 пайыздық тармаққа қысқарған (62,7%-ға дейін).

Наурыз айында бағаның мейлінше жылдам өскенін жиірек байқаған бірден-бір респонденттер тобы 60 және одан жоғары жастағылар (61,1%). Олардың пайымынша, наурызда баға бұрынғыдан да қарқындап өскен (+1,8%). Басқа жастағы респонденттер тобы, әсіресе, 45–59 жастағылар (55,8%) жыл сайынғы баға өсімін бағалауда мейлінше бейтарап бағытты ұстанған. Олардың берген бағасы ең оптимистік ұстанымдағы жастарға (55,9%) таяп қалған. Есесіне наурыз айындағы ең пессимистік топты 30–44 жастағылар түзеген (61,7%, ақпандағы көрсеткішке шаққанда –1,7 п. т.). Наурыздың қорытындысы бойынша, бір айдағы баға динамикасын бағалауда тек ең үлкен жастағы респонденттер тобында ғана еш өзгеріс байқалған жоқ (48,8%). Қалған топтар соңғы айда азық-түлік пен қызметтердің бағасындағы күрт қымбаттауды сирек елейтін болған: 18–29 жастағы жастардың арасында 39,6%-ы, 30–44 жасағылардың арасында 44,4%-ы, 45–59 жастағылардың ішінде 44,6%-ы. Наурыздың қорытындысы бойынша бағаның күрт өсуін негізінен Жетісу (56,5%), Ақмола (54,2%) облысының тұрғындары байқаған. Жыл қорытындысы бойынша ұстамдыдан да төмен бағалар Қарағанды (69,1%) және Шығыс Қазақстан (68,7%) тұрғындары тарапынан берілген.

Коммуналдық тарифтер өсіп барады

Біздің сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың біразы наурыз айында азық-түлік бағасы қымбаттай түскенін айтқан. Өткен айдан бастап коммуналдық тарифтер өсіп жатқаны барынша білінді деген пікір айтты. Негізі, қымбаттаған тауарлар мен қызметтердің ішінде бұл екі позиция әу бастан алдыңғы қатарда. Тұтынушылардың айтуынша, коммуналдық тарифтердің өсуі жиі байқалатын болған. Егер ақпанда тарифтердің қымбаттай түскенін респонденттердің 18,3%-ы алға тартса, наурызда әрбір бесінші респондент айтып өтті (22%, +3,7 п. т.).

Қымбаттай түскен азық-түлік түрлерінің арасында әдеттегідей еттің және құс етінің бағасы жоғары (39,5%, +3,8 п. т.) дейді тұтынушылар. Әрі қарай сүт және сүт өнімдерінің (38,8%, +4 п. т.), көкөніс пен жемістердің (33,9%, +4,9 п. т.), нан және нан өнімдерінің (33,8%, +2,5 п. т.), жарма, макарон өнімдерінің (24,2%, –0,2 п. т.), жұмыртқаның (23,9%, +1,4 п. т.), ұнның (21,8%, –4,2 п. т.), қант пен тұздың (21,8%, +0,8 п. т.), өсімдік майының(17,9%, –1,9 п. т.) бағасы туралы пікірлер айтылды.

Бір қызығы, өткен айдағы және былтырғы жылғы бағаларға мейлінше бейтарап/оптимистік баға берсе де, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар, биылғы ақпанмен салыстырғанда наурызда жекелеген азық-түлік түрлері мен қызметтердің бағасы ептеп төмендегеніне де мән берген. Мысалы, отын (–0,1 п. т.), жарма және макарон өнімдері (–0,2 п. т.), өсімдік майы (–1,9 п. т.), ұн (–4,2 п. п.) сияқты.

Ұзаққа негізделген қымбаттау…

Наурызда респонденттер тарапынан берілген тауарлар мен қызметтердің келесі айдағы баға динамикасына қатысты болжамдары біршама ұстамды бағытқа қарай ығысуын жалғастырды. Баға бірқалыпты өсе береді дейтіндердің үлесі ұлғайып келеді (1,3 пайыздық тармаққа өскен, 36,6%-ға дейін). Сондай-ақ баға өзгермейді деп есептейтіндер де сәл артқан (2,3 пайыздық тармаққа, 14,9%-ға дейін). Жыл соңына дейін баға былтырғыдай өсе береді деп күтетіндердің үлесі 2,7 пайыздық тармаққа өскен. Баға жылдам өседі дейтіндер +0,8 пайыздық тармақ қосса, баға баяулап өседі дейтіндердің үлесі +0,1 пайыздық тармақ қосқан.

Айдың қорытындысы бойынша баға көрсеткіштерін біршама ұстамды тұрғыдан бағалау тренді наурызда әйелдер тарапынан байқалды. Ккелесі айда бағаның шарықтап өсуін күтетіндердің үлесі 1,6%-ға, яғни 18,5%-ға дейін азайған. Ал ерлер келесі айдағы баға динамикасын болжауда біршама оптимистік көзқарасты ұстанған. Олардың арасында бағаның күрт қымбаттауын күтетіндердің үлесі 16,4% ғана (ақпанға шаққанда төмендеу көрсеткіші –0,3 п.т.). Тұтынушылардың жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда, бір айда бағаның шарықтап өсу мүмкіндігіне алаңдап отырған респонденттер тобы негізінен 30–44 жастағылар (19,3%). Есесіне жасы ең үлкен (15,8%) және ең жас деген (15,8%) респонденттер тобы оптимистік көзқарасқа тоқталған. Наурызда ең жас респонденттер (18–29 жастағылар) баға бірқалыпты өседі деген болжам айтқан (+6,7 п. т., 41,5%-ға дейін).

Бағаның бір айда шарықтап өсу мүмкіндігін күтетіндер негізінен Атырау(25,2%) және Қызылорда (25,6%) облыстарында тұрып жатыр деуге болады. Ал баға жыл ішінде қарқындап өседі деп алаңдайтын тұтынушылар – Қызылорда (26,4%) және Павлодар (26,2%) облыстарында. Баға бір жылда шарықтап өсуі мүмкін деп алаңдайтындардың үлесі наурызда ер азаматтар (+1,5 п. т., 19,2%-дан 20,7%-ға дейін, әйелдердің үлесі 0,1 пайыздық тармаққа артқан, 21,6%-ға дейін) болған. Сондай-ақ ең үлкен жастағы тұтынушылар (+3,9 п. т.,16,2%-дан 20,1%-ға дейін) есебінен ұлғая түскен.

Валюталық болжамдар

Наурызда доллардың позициясы әрі қарай нығая түсті. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің ішінде бір жылдан кейін доллар қымбаттайды деп есептейтіндердің үлесі өсіп келеді (2,2 пайыздық тармаққа, 52,7%-ға дейін). Бірақ доллардың бір айдағы бағамына қатысты болжамдар мейлінше ұстамды сипатта. Респонденттердің жартысына дерлігі доллар сол бағаммен қалады деп есептейді (49,5%-ы, 1,9 пайыздық тармаққа өскен). Осылайша, ұзақ мерзімді перспективада доллар нығайып, ал бір айдың ішінде валюта бағамы тұрақтала түседі деген көзқарасқа негізделген тұтынушылық тренд ақпан айынан бері өз жалғасын табуда.

Әдеттегідей доллар бір айда және бір жылда әрі қарай қымбаттайды дейтіндердің дені ер азаматтар (55,6% және 31%) және жастар (65,9% және 32%). Бірақ бір айға қатысты тұтынушылық болжамдары жоғарылай түскен топтардың арасында әйелдер (+0,4 п. т. қосқан, 27,7%-ға дейін) және 45–59 жастағылар да бар (+0,8 п. т. қосқан, 30,3%-ға дейін). Ал бір жылға қатысты болжамдардың ішінде доллар қымбаттайды деген пікір ерлерге (+3 п. т. қосқан, 55,6%-ға дейін), жастарға (+4,8 п. т қосқан, 65,9%-ға дейін) және 45–59 жастағыларға тән (+4,6 п. т. қосқан, 48,8%-ға дейін).

Еңбек нарығы алаңдатып отыр

Наурызда жұмыссыздық бойынша тұтынушылардың күту индексі 2024 жылдың басынан бері байқалған құлдырауды жалғастырды. Көрсеткіш қаңтар айынан бері 6,2 тармаққа, яғни 71,1 тармаққа дейін төмендеп, зерттеу аясындағы ең төменгі көрсеткіштің біріне айналды. Қазақстандықтардың арасында еңбек нарығындағы жағдайға алаңдаушылық танытқандардың үлесі артып келеді. Жыл ішінде жұмыссыздық белең алады деп есептейтіндер 1,6 пайыздық тармаққа өскен, яғни 42,6%-ға дейін. Ал жұмыссыздар саны азаяды дейтіндердің үлесі 0,4 пайыздық тармаққа азайып, 13,7%-ды құраған.

Жұмыс мәселесіне алаңдап отырғандардың басым бөлігі ерлер (42,9%, ақпанда – 40,1% болатын, 2,8 пайыздық тармаққа артқан). Бұған дейінгі зерттеулерде жұмыссыздықтың өсуін күткендердің дені әйелдер болатын (42,4%, ақпанда – 41,9%, 0,5 пайыздық тармаққа артқан). Алдыңғы зерттеулерге қарағанда еңбек нарығындағы жағдайға алаңдап отырғандардың арасында 18–29 жастағылар (5,9 тармаққа артқан, 42%-ға дейін) және 30 – 44 жастағылар (1,5 пайыздық тармаққа артқан, 43,5%-ға дейін) ұлғайып келеді. Ал жас шамасы мейлінше ересек топтағы респонденттер бұл тұрғыда біршама ұстамды болжамдарға ден қойған.

Өңірлер бойынша алып қарағанда, жұмыссыздық мәселесі барынша мазалап отырған тұрғындар Атырау (51,9%), Ақтөбе (50,4%), Қызылорда (50,4%) облыстарында тұрып жатыр. Жұмыссыздар санында еш өзгеріс болмайды деп есептейтіндер негізінен Павлодар облысы (47,1%) мен Астана (42,6%), Шымкент қалаларында (44,1%) басым.

Кредитке деген сенім сәл өскен

Ақпандағы зерттеу қорытындысымен салыстырғанда, наурызда кредит алуды жоспарлаған тұтынушылар саны ептеп өскен (0,6 пайыздық тармаққа, 20%-ға дейін). Респонденттер ірі ауқымда дүние сатып алып, бұл мақсатта кредит алу жоспарына қатысты біршама сақ пікірге тоқталған. Бірақ кредит алу жоспары жоқ тұтынушылар саны да ептеп қысқарған – 0,2 пайыздық тармаққа. Ал кредит алуды жоспарлап отырғандардың үлесі бұған дейін «кредит алу жоспарым жоқ» деп жауап бергендер есебінен артып отыр.

Кредит алуды жоспарлап отырғандардың дені ер азаматтар (1,8 пайыздық тармаққа артқан, 21,4%-ға дейін). Осы арада айта кетсек, қаңтармен салыстырғанда, ақпанда бұл көрсеткіш өзгере қоймаған-ды. Наурызда кредит алуды жоспарлаған әйелдер аса көп болған жоқ (төмендеу көрсеткіші 0,4 п. т., 18,8%-ға дейін). Бірақ олардың үлесі ақпанда көбірек болатын. Кредит алуды жоспарлаған тұтынушылар 18–29 жастағы жастар есебінен де толыса түсті. Наурызда олардың үлесі 3,8 тармаққа, яғни 22,4%-ға дейін артқан. Ал кредит алуда ең белсенді аудитория деп 30–44 жастағы респонденттер тобын айтуға болады (24%,  0,9 пайыздық тармаққа артқан).

Облыстар бойынша қарастырсақ, кредит қаражатын алуды жоспарлаған тұрғындар Ұлытау (33,3%), Атырау (30,8%) облыстарында басым шыққан. Кредит алуға құлықты емес тұтынушылар Қостанай облысында (11,5%) қоныстанған деуге болады.

Наурызда кредиттік сенім индексі ептеп болса да ұлғая түсті – 0,3 пайыздық тармаққа (35,3 тармаққа дейін). Негізінен қазір кредит алуға қолайлы жағдай қалыптасты (+0,2 п. т.) немесе қолайлы болмаса да қолайсыз емес (+1,8 п. т.) деп есептейтіндер үлесінен. Бірақ респонденттердің жартысынан астамы (51%-ы) дәл қазір кредит алатын кез емес деп есептейді. Кредиттік сенімге қатысты берілген позитивті және бейтарап болжамдардың ептеп болса да ұлғаюын ерлер жағы (0,7 пайыздық тармаққа артқан, 35 тармаққа дейін) және жастар (1 пайыздық тармаққа артқан, 38,5 тармаққа дейін) қамтамасыз еткен. Ал кредит алу үшін мейлінше қолайлы кезең деп есептейтін тұтынушылар Қызылорда облысында (44,8 тармақты құрады) тұрып жатыр. Кредит үшін қолайсыз кезең дейтіндер – Атырау облысында (28,7 тармақты құрады).

Ақша жинау мен жұмсау

2024 жылдың басына дейін сақталған депозиттік сенім деңгейінің төмендеу тенденциясы әрі қарай жалғасуда. Ағымдағы айда индекс 0,7 тармаққа, яғни 52,7 тармаққа дейін төмендеп кетті. Бұған жинақтау әдетіне қатысты пессимистік (1 пайыздық тармаққа өскен) және бейтарап (1 пайыздық тармаққа өскен) болжамдардың өсуі септік еткен. Респонденттердің әрбір төртіншісі (24,9%) қазіргі таңда жинақтау құралы ретінде депозитке жүгіну тиімді емес деп есептейді. Наурызда әйелдер тарапынан депозиттерге деген сыни ұстаным арта түскен (2,1 пайыздық тармақ төмендеу байқалды, 53 тармаққа дейін). Ал ерлер болса, керісінше, оптимистік ұстанымға тоқталған (52,5 тармақ, өсу көрсеткіші 0,8 п. т.). Депозиттерге деген сенім көрсеткіші ең жоғары респонденттер тобы бұрынғысынша жастар жағы (60,6 тармақ, өсу көрсеткіші 1,3 п. т.). Ал жоғары жастағылардың сенім көрсеткіші төмендеп кеткен (49 тармақ – 45–59 жастағылардың арасында, 47,4 тармақ 60-тан асқандардың арасында). Депозитке сенім артып отырған тұтынушылар көбіне Алматы (56,5 тармақ), Атырау (56 тармақ)облыстарында. Сенімі ең төмен дейтін тұтынушылар Батыс Қазақстан (47,2 тармақ), Түркістан  (47,3 тармақ) облыстарында тұрып жатыр.

Алаңдаушылық деңгейі

Наурыз айында алаңсыз ортада тіршілік етіп жүрген респонденттер саны күрт құлдырап кетті – 32,1%-дан 24,2%-ға дейін. Осыған орай позитвті көңіл-күй мен оң пікірге ден қойған респонденттер саны да біршама азайды. Наурызда сауалнамаға қатысқандардың жартысынан аз бөлігі (49,3%-ы) өз айналасындағы жағдайды айтарлықтай тыныш деп сипаттады. Бірақ қобалжып жүрген респонденттер үлесі біршама артты. Айналасындағы жағдайды «мазасыздау деуге болады» деп сипаттағандар 4,1 пайыздық тармаққа артқан(29,6%-ға дейін). «Сөзсіз мазасыздық жайлады» дейтіндер 1,4 пайыздық тармаққа ұлғайған (17,5%-ға дейін).

Мазасыздық, алаңдаушылық көңіл-күй, әсіресе, әйелдер тарапынан көрініс берді (51%, ерлердің арасында – 42,8%). Алайда наурызда бұл тұрғыдағы ұқсас динамиканы әйелдер де, ерлер де көрсетті. Ерлер көбіне «айналасында мазасыз жағдай қалыптасқанын» айтса (өсу көрсеткіші 5 п. т., «сөзсіз мазасыз жағдай» – бар болғаны 0,5 п. т.), әйелдер «мазасыздау жағдай» да (3,1 пайыздық тармаққа артқан), «сөзсіз мазасыз жағдай» да (2,5 пайыздық тармаққа артқан) кең тарап барады деп есептейді. Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша қарастырсақ, алаңдаушылық көңіл-күй ептеп ең жас респонденттер (+10,2 п. т., 40,4%-ға дейін) және ең ересек топтар тарапынан байқалған (+9,6 п.т., 52,3%-ға дейін). Наурызда алаңдаушылық, мазасыздық көрсеткіші бойынша ең жоғары деңгей Ақтөбе (55,4%), Атырау (54,6%) облыстарының тұрғындарына тән болған. Бұған дейін мұндай көңіл-күй алматылықтар тарапынан көбірек байқалған-ды. Ал шымкенттіктердің көрсеткіші бұл тұрғыда айтарлықтай төмен (39,2%).

Стреске бой алдырғандар көбейген

Респонденттердің жартысынан астамы наурызда стреске ұшырағандарын жасырған жоқ (55,6%, өсу көрсеткіші 2,9 п. т.). Олардың арасында стреске күнделікті бой алдыратындар (+1,2 п. т.), айына бірнеше рет ұшырайтындар (+1,9 п. т.). Айына бір-екі рет стреспен бетпе-бет келетіндер (+0,5 п. п.) ұлғайып барады. Стреске ұшырай қоймағандардың үлесі 2,7 пайыздық тармаққа, яғни 43%-ға дейін азая түскен. Әрбір бесінші респондент (20,7%) айына бірнеше рет, ал әрбір оныншы респондент (10%) күн сайын немесе аптасына бір рет (10,2%)стреске ұшыраған. Стреспен бетпе-бет келетіндері туралы әдетте әйелдер көбірек байқаса да (58,8%, ерлер – 52%), наурызда стрестік жағдайға ұшырағаны жөнінде ерлер жиірек айтқан. Ақпан айымен салыстырғанда өсу көрсеткіші 5,1 п.т. әйелдерде – 0,9 п. т.).

Стреске жиі ұшырайтындары туралы 18–29 жастағы ең жас респонденттер (59,6% ) мен 30–44 жастағылар (60,3% ) да айтып өткен. Бірақ алаңдаушылық көрсеткішінің өсу динамикасы ең жас респонденттер тобына тән (+5,3 п. т.).

Өңірлер бойынша стрестің ең жоғары деңгейін республикалық маңызы бар қалалардың тұрғындары атап өтті. Алматы (66,7%, +1,9 п.т.), Астана (61,7%, +1,4 п.т.), Шымкент (61,2%). Ең төмен көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында (39,4%).

Тұтынушылық пессимизм көрініс берді

2024 жылдың наурызында субиндекстердің төмендеуімен тұтынушылық сенім индексі пессимистік алаңға қарай ығыса берді. Бұл тұрғыда, әсіресе, ел ішіндегі экономикалық жағдайды бағалау және болжауға қатысты индекстер біршама төмендеп кетті.

Қазақстандықтар наурызда бағаның күрт өсуіне аса мән бере қоймаған. Бір айға негізделген және бір жылға негізделген бағалау болжамы аясында қарастырғанда, бұл ҚР ҰСБ мәлім еткен инфляция көрсеткішіне сай келеді. Дегенмен тұтынушылар алдағы жылы баға айтарлықтай өседі деген болжамға тоқталған.

Ақпанмен салыстырғанда қазастандықтар азық-түлікке жататын негізгі өнімдер мен коммуналдық тарифтердің бағасы өсе түскенін жиі байқаған. Оның ішінде коммуналдық тарифтер мейлінше қымбаттаған қызмет түрлеріне жатқызылған.

Тұтынушылық сенім деңгейінің төмендеуімен қатар, респонденттер алаңдаушылық көңіл-күйге көбірек бой алдыратынын байқай алдық. Өздерін алаңдатып отырған негізгі мәселелердің арасында тұтынушылар қаржылық қиындықтардан бөлек, денсаулық мәселесін де мысал етті – өздерінің және жақындарының. Халықтың еңбек нарығындағы жағдайға қатысты алаңдаушылығы да артып келеді. Бірақ ақпанмен салыстырғанда тұтынушылар кредит алуға кет әрі емес. Есесіне депозиттік жинақтауға аса көңіл бөліп отырған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз