«Құқығы шектеледі»: Бишімбаевтың анасы сотта қоғамдық қорғаушы ретінде алғаш рет ойын айтты

Жарияланды
Бишімбаевтың анасы қоғамдық қорғаушы ретінде алғаш рет пікір білдірді/Фото: telegram.org/k/#@Jogargy_sot

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. 16 сәуірде өткен сот отырысында Бишімбаевтың анасы сотталушының қоғамдық қорғаушысы ретінде алғаш рет пікір білдірді.

Бұған дейінгі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаттары Нүкенованың мәйітіне қатысты мәскеулік сарапшы берген қорытындыны қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрады.

Қорғау тарапының бұл өтінішхатына мемлекеттік айыптаушылар мен жәбірленуші тарап қарсылық білдірді. Олар шетелдік мамандар жалған қорытынды берген жағдайда жауапкершілік арқаламайтынын алға тартты.

Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова ұлына өзін толық қорғауға мүмкіндік беруді сұрады.

«Сіз мәскеулік мамандардың қорытындысын қабылдамасаңыз, менің ұлымның конституциялық құқығы – өзін қорғау үшін дәлелдер келтіре алу құқығы шектеледі», – деді Альмира Нұрлыбекова.

Альмира Нұрлыбекова – сотталушы Қуандық Бишімбаевтың қоғамдық қорғаушысы.

Айта кетейік, 9 сәуірдегі сот отырысына Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Ол сот залында манекенде марқұм алған жарақатты салып көрсетіп, оны ұрып-соғымен қатар буындырғанын да мәлімдеді.

«Қарапайым тілмей айтсақ, бұл – басқа тиген соққы. Ақыл-есі қалпындағы адам басынан мұндай жарақат алмайды. Адам құлаған кездің өзінде басын қорғайды. Адам жазық жерде тұрып құлаған кезде мұндай жарақат алмайды», – дейді Тахир Халимназаров.

Ал оның алдындағы сот отырыстарында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың өзі құлап, басын унитаз бен еденге бірнеше рет ұрып алғанын айтқан еді. Сарапшы сотталушының бұл сөзін жоққа шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз