Құлсары қаласының маңында қараусыз қалған кен орны игерілмек

Жарияланды
Шығарушы редактор
Масабай
Фото: shutterstock

Gold Tengry Estate компаниясы Атырау облысының Құлсары қаласынан 43 шақырым жерде жатқан «Масабай» кен орнынан мұнай өндіруді бастамақ. Бұл кен орны бірнеше жыл қараусыз қалған.

«Масабай» кен орны Каспий маңы ойысының оңтүстік-шығысында орналасқан. Атырау қаласынан солтүстік-батыс бетте 250 шақырым жерде жатыр. Ең жақын деген елдімекендер – Құласары қаласы мен Қосшағыл ауылы. Кен орында өткен ғасырдың 80-ші жылдары мұнай бар екені белгілі болғанымен толық игерілмеген. Бірнеше мәрте қолдан-қолға өтіп сатылған. 2022 жылға дейін «ЕМЕ» компаниясының иелігінде болған.

«Масабай» кен орнында мұнай өндіру жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты болмаған соң, «ЕМЕ» ЖШС-нің жұмысы тоқтатылған. Бұл компания өзін банкрот деп жариялаған соң, кен орнын игеру құқығын 2023 жылдың ақпанында Gold Tengry Estate компаниясы иеленген. Жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт 2048 жылға дейін берілген.

Компанияның қоғамдық тыңдауға ұсынған құжатында кен орнының жалпы аумағы 1,47 шаршы шақырымды құрайтыны жазылған. Кен орнындағы алты ұңғымадан алынған 19 сынама мұнай құрамы күкіртті (массаның 0,26-0,41%) және парафинді (массаның 2,54-4,3%) екенін көрсеткен. Мұнай құрамы «Каспиймұнайгаз», Атырау мұнай және газ институтының зертханаларында зерттелді.

Gold Tengry Estate мұнай өндірудің үш нұсқасын ұсынып отыр. Біріншісі, биыл сәуір айынан бастап 6 ұңғыманы пайдалануды және 2026 жылы қосымша үш ұңғыманы іске қосуды көздейді. 2027 жылы жобалық өндіріс деңгейін 24,8 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Өндірістің тиімділігі 2024-2055 жылдары артады. Жалпы көлемі 207,1 мың тонна мұнай өндіру жоспарланған.

Екінші нұсқа биыл 6 ұңғыманы пайдалануды және 2026-2027 жылдары қосымша 5 мұнай ұңғымасын іске қосуды көздейді. 2028 жылға қарай кен орнында өндірілетін мұнай 23 мың тоннаны құрауы тиіс. Өндіріс 2024-2052 жылдары тиімді болады. Жалпы 215,2 мың тонна мұнай өндірілмек,

Ал үшінші нұсқада қолданыстағы 7 ұңғыма мен айдау ұңғымасы, сондай-ақ алты жаңа ұңғыма болады. Қолданыстағы ұңғымалардан мұнай өндіру биыл басталады. Компания үшінші нұсқаны ең тиімді нұсқа деп отыр. Өйткені өндірістің тиімділігі 2024-2036 жылдары-ақ байқалады. Қысқа мерзімдегі жиынтық өндіріс 239 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын өндірілген мұнайдың жартысын тоннасына 222,3 мың теңгеден экспортқа шығаруды жоспарлаған. Қалғанын ішкі нарыққа тоннасын 68,22 мың теңгеден сатпақ.

Gold Tengry Estate компаниясының иесі – Jasyl Energy компаниясы мен Дархан Көпжасаров. Көпжасаров сонымен қатар Jasyl Energy компаниясының жалғыз акционері. Осылайша, ол мұнай өндіретін компанияға толық иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз