Алматылық Элина Лю қазақ тіліне қатысты бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталды

Жарияланды
Алматылық Элина Лю қазақ тіліне қатысты сөздері үшін екі жылға сотталды / коллаж kursiv.media

Алматылық Элина Лю қазақ халқы мен тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталды. Сот оны араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты. 

Әуезов аудандық сотының үкімінде 2023 жылы қазан айында 21 жастағы Элина Лю Тиктокта тікелей эфирде отырғанда жазылушылардың бірі оның ұлты, діні туралы сұрап, балағат сөздер жазып, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені жазылған. Жауап ретінде Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек ауылдан келген «мәмбеттер» сөйлейтінін айтқан (Ескерту! Сот «мәмбет» сөзін қазақ ұлтын және тілін кемсіту деп бағалаған). Сондай-ақ ол Алматыдағы кептелістерге ауылдан келгендер кінәлі деп айтқан.

Журналист Михаил Козачков телеграм-арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, Людің эфирдегі сөзі интернетте таралып, әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл ондағы алауыздық белгілерін көріп, есеп жазған.

Сарапшы Лю сөздерінде «қазақ ұлтының өкілдерін кемсіту» және «қазақ ұлтының тілін менсінбеу» бар деген қорытындыға келген.

Сотта Лю өзіне жазылушысының мемлекеттік тілді білмегеннен кейін, Қазақстаннан кетуін талап етіп «арандатушылыққа бой алдырғанын айтқан». Ол кінәсін мойындамай, тек жағымсыз пікір жазғандардың «намысына тигісі келгенін, «ұсқынсыз тіл» деген сөзді қазақ тіліндегі бейәдеп сөздерге қатысты айтқанын түсіндірген.

«Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келіп, ол өзінің іс-әрекетімен ұлтаралық алауыздықты тудырғанымен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен, азаматтардың қазақ ұлты өкілдерінің намысына тиген. Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық және саяси деструктивті көзқарас тудырады», – делінген сот үкімінде.

Сот оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, екі жылға соттады. Ол тікелей сот залында қамауға алынды. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз