Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінен тапсыратын тесттің жаңа қағидасы әзірленді

Жарияланды
Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінен тапсыратын тестің жаңа қағидалары әзірленді / коллаж kursiv.media

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын тест жүйесінің жаңа қағидаларын әзірледі.

Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша қағидаларды бекіту туралы жоба «Ашық НҚА» жүйесінде жарияланды. Жария болған құжатқа сәйкес, енді қазақ тілінен тест тапсыру екі деңгейді, яғни диагностикалық және сертификаттық тестілеуді қамтиды. Біріншісінің уақыты – 70 минут, екіншісі — 127 минут.

«Тестілеуден сертификат алу үшін әр блок бойынша тиісінше 30% және 70% аралығында шекті балл жинау талап етілген. «Қазтест» жүйесінде тестілеу нәтижелеріне апелляция жоқ. Сертификат берілген сәттен бастап екі жыл бойы жарамды. Құжаттар тек электронды түрде қол жетімді», – делінген түсініктемеде.

Жоба 29 сәуірге дейін «Ашық НҚА» жүйесінде талқылауда болады.

Мемлекеттік тіл тестін тапсыруға өтініш Kazakhtest.kz сайтында қабылданады. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап елде мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін білетіндегі туралы сертификат тапсыру қажет.

ҚАЗТЕСТ жүйесі 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының және республика аумағында қызмет ететін шетелдіктердің қазақ тілін білу деңгейін бағалау.

«ҚАЗТЕСТ – TOEFL, IELTS, TÖMER сияқты тілдік құзыреттілік деңгейін бағалау халықаралық жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына сәйкес, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі», – делінген жүйенің ресми сайтта. 

Сондай-ақ веб-сайтта емтиханды:

  • «А» корпусының кадр резервіне тұруға үміткерлер;
  • «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер;
  • «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АОО мұғалімдері;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік академиясының талапкерлері;
  • Haileybury-Astana және Haileybury-Almaty халықаралық мектептерінің 11-сынып оқушылары тапсыратыны жазылған. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді.

«Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет», – деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз