Қырғызстанда заң өзгергеннен кейін Сорос қоры елдегі қызметін тоқтатады

Жарияланды
Қырғызстанда заң өзгергеннен кейін, Сорос қоры елдегі қызметін тоқтатады / shutterstock

Миллиардер, филантроп Джордж Соростың Open Society Foundations қоры Қырғызстандағы қызметін толықтай тоқтатады.

24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, елде халықаралық ұйымдардан қаржыландырылатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне шектеу ережелерін енгізетін жаңа заң қабылданғаннан кейін, Сорос қоры Қырғызстандағы ұйымын жабуды жөн көрген.

Сорос-Қырғызстан қоры ел тәуелсіздік алғаннан соң, 1993 жылы елдегі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс басталған кезде құрылған.

Елде жұмыс істеген 30 жыл ішінде қор елдегі азаматтық қоғамның жобаларын қаржыландыруға 115 млн доллар жұмсаған. Олардың ішінде білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бастамаларды қолдау, жаңа цифрлық технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз ету жұмыстары болған. 

Сорос-Қырғызстан қорында Қырғызстан азаматтары жұмыс істеген. Тек қаржыландыру шетелден болған. 

«Қордың соңғы 30 жылдағы жұмысының нәтижелері бәрін анық көрсетеді. Қор және оның адал қызметкерлері Қырғызстандағы қарапайым адамдарға маңызды қолдау көрсете алды. Демократия мен ашық қоғамға деген қоғамдық сананы оятты. Жұмысты тоқтатуға мәжбүр болғанымызға қайғырамыз. Жаңа репрессиялық заң азаматтық қоғамды сансыратып жібереді», – деді қор президенті Бинайфер Новроджи.

Айта кетейік, 14 наурызда Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі үшінші оқылымда «Коммерциялық ұйымдар туралы» заңға «шетелдік өкілдер» деген ұғымды енгізген. Заңға 2 сәуірде президент Садыр Жапаров қол қойып, ол ресми күшіне енген.

Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.

Айта кетсек, дәл осы заң жобасына қатысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.

Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты. 

«Заң жобасының тұжырымдамасы 1938 жылы АҚШ-та қабылданған қолданыстағы шетелдік агенттерді тіркеу туралы заңға (FARA) жақын. Fara шетелдік агенттің мәртебесін тек БАҚ үшін ғана емес, басқа заңды және жеке тұлғалар үшін де қарастырады. Сонда сіз қабылдаған заңды, біз қабылдай алмаймыз ба?», – деді Жапаров.

Сондай-ақ оқыңыз