Жаңалықтар

2024 жылы қазақстандық автонарық қалай өзгереді?

Қазақстандық автонарыққа шолу / Архив: kursiv.media

2024 жылы Қазақстанда автокөлік сату көлемі төмендейді. Қытай автокөліктерінің нарықты «жаулап алуы» жалғасады, электрокөліктер көбейеді. Жыл басында Freedom Finance Global бастамасымен қазақстандық автонарыққа қатысты зерттеу жарияланған еді. 

Ондағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 5,09 млн автокөлік тіркелген. Оның 4,47 млн-ы немесе 88%-ы  – жеңіл авто, 507,5 мыңы немесе 10%-ы –  жүк көлігі, 105,5 мың немесе 2%-ы  – автобустар. Халық мініп жүрген көліктердің шығарылған уақытына келсек, 47%-ның нарыққа шыққанына 10 жылдан асып кеткен. 3 жылға дейінгі, яғни жаңа көліктердің саны 6%-дан аспайды. 87,5%-ы бензинмен, 8%-ы аралас отынмен, 2%-ы дизельмен жүрсе, 0,1%-ы ғана электрокөліктер.

Электрокөліктерге сұраныс 2023 жылы қатты өсті

Алайда сарапшылар бұл қазақстандықтардың экологияға жанашырлығынан емес, тренд пен жаңа технологияларға деген қызығушылығына байланысты екенін айтады. Ал жаппай сұранысқа ие болмай отырғанына инфрақұрылымның жоқтығы себеп. Көп жерлерде көлік қуаттайтын орын жоқ. Десе де, 2024 жылы электрокөліктер көбейе түседі деген болжам жасаған. Жылдың алғашқы 3 айы өтті. Көлік нарығында қандай өзгерістер болып жатыр?

Қазақстандық автонарыққа қатысты болжам орындалды ма?

Қазақстан автокөлік одағының мәліметіне сүйенсек, бірінші тоқсанда 39 468 автокөлік сатылған. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 6%-ға артық. Ең көп сатылған брендтердің ТОП-10-дығына Hyundai (3 370 көлік сатты), Kia (1 810), Chevrolet (1 374), Chery (1 314), Changan (1215), Haval (1 123), Toyota (1 094), Jetour (781), Geely (701), Jac (694) кірді.

Нақты маркалар бойынша Hyundai Tucson (2 226), Chevrolet Cobalt (1 215), Kia Sportage (808), Haval Jolion (490), Changan CS55 Plus (450), Chery Tiggo 7 Pro (450), Chery Tiggo 2 (402), Kia Sorento (365), Jetour X70 (354) және Hyundai Elantra (344) сатылған. Статистикада қытайлық көліктердің аттары жиі аталады. Соған қарағанда қытайлық көліктердің көбейетіні туралы жыл басындағы болжамдар орындалатын сияқты және алдағы жылдары да жалғасады.

Айта кетейік, 2021 жылы елімізде танымал көліктер арасында  JAC болған. 2022 жылы танымалдар қатарына Chery, JAC, Exeed және Haval кірді. 2023 жылы ең танымал он марканың алтауы Қытай өнімі болған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша да 6 көлік кіріп отыр. 

Алайда жыл соңына қарай және алдағы жылдары олардың қатары көбейетін сияқты. Өйткені «сұр» және ресми дилерлермен қатар қытай көліктерін шығаратын зауыттар да бой көтеруде. Мысалы, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan салып жатқан зауытта 2025 жылы Chery, Haval, Changan шығарыла бастайды. Қостанайлық Allur биыл Jetour-ді құрастыра бастауға кіріседі. Orbis Manufacturing зауытында Exeed құрастырылып, 2025 жылы сатыла бастайды. Сонымен қатар бұл компания ресми түрде Zeekr-ді сата бастады. Жақында осы компания құрамына кіретін Geely ресми дистрибьюторы Okavango кроссоверін таныстырды.

Қазақстандағы Geely дистрибуциясының директоры Виктор Нестеровтің айтуынша, компания биыл 1000-нан астам Geely Okavango кроссоверін және жалпы 13 000 Geely сатуды жоспарлап отыр. Бұл ретте 1 сәуірден бастап автонесие беру талаптары өзгерді. Компания белгіленген жоспарды қалай орындамақ? 

«Қазір автонесие беру өнімдерге байланысты емес. Ол Орталық банктің талабына байланысты. Бүгінде несие алатын адамға табысын растау талабы қосылды. Бұрын ондай талап болмаған. Бұл нарыққа 30%-дай әсер етеді. Дегенмен бізде 1-2 жылға бөліп төлеу бар, 7 жылға төмендетілген пайыздық мөлшерлеме қарастырылған”, – деп атап өтті Виктор Нестеров.

Электрокөліктер нарығында қандай өзгерістер болды?

Ал электрокөліктер туралы болжамға келсек, инфрақұрылымдағы түрлі түйткілдерге қарамастан, электрокөліктер көп импортталған жыл болуы тиіс. Өте баяу болса да, заңдық негізі мен түрлі қолдау тетіктері жасалып жатыр.  Мысалы, қаңтарда Мәжіліс экологиялық таза транспорт пен электркөліктерге арналған инфрақұрылымды жетілдіру туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Электрокөліктерге арнайы орындар белгіленіп, тегін тұрақ берілмек. Заңда «гибрид көлік», «электрокөлік» деген түсініктер енгізілді. Бұдан бөлек биыл электрокөліктерді импорттауға берілген квота саны былтырғы 15 мыңнан 30 мыңға артқан. Электр қуаттаушы станциялардың операторларымен өндірушілеріне 7 жылға 3,5% мемлекеттік қолдау қарастырылған. 2024 жылға 3,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Гибрид көлік алғысы келетіндер саны артты

Айта кетейік, 2023 жылы қазақстандықтар 10 мыңға жуық электрокөлік сатып алған. Оның 7624 –і қытайлық. Freedom Finance Global зерттеуінде Қазақстанда электрокөліктермен қатар гибрид көліктерге сұраныс артқаны байқалған. Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың 11,4%-ы гибрид алғысы келсе, тек 3,1%-ы электрокөлік алғысы келетінін айтқан. Гибрид көліктерге сұраныс тек Қазақстанда ғана емес, әлемде бар тенденция екенін айта кету керек. Алпауыт зауыттар электрокөлік шығару мерзімін кейінге шегеріп, бензин моторлы көліктер шығаруды жалғастырумен қатар, гибрид көліктерге басымдық бере бастаған. 

Қазақстандық авторнарықта қытай көліктері, электро және гибрид көліктермен қатар халықты жиі елеңдететін қолданыста болған көліктер нарығы. AutoReport сайты жыл басындағы болжамында бұл санаттағы көліктер бағасы өспейтінін жазған еді. Басылымға сұхбат берген сарапшылардың айтуынша ескі көліктердің бағасы 2023 жылы-ақ құлдырай бастаған. Бұған себеп – тағы да қытай көліктерінің нарыққа көптеп кіруі. 

Бұрын 10 млн теңгеге дейін Hyundai Accent, Kia Rio, Volkswagen Polo, Lada келетін. Оның өзі тапшы, автосалоннан бірден алу қиын болатын. Нарыққа Қытай көліктері енгелі бұл тапшылық азайды және олардың бағасы төмендеді. Сондықтан қайталама нарықта баға өспейді. Бұдан бөлек, 1 сәуірден бастап қарыз жүктемесі коэффицентін есептеу талаптары өзгереді. Нәтижесінде автонесие алатындар саны азая түспек. Бұл өз кезегінде ескі автокөліктердің, оның салдарынан жалпы автонарықтағы автокөлік саудасының көлеміне әсер етуі мүмкін. Алайда Қытай автоөндірушілерінің қандай жоспары бары белгісіз.