Жаңалықтар

Таза пайдасының үштен екі бөлігі: «ҚазТрансОйл» 25 млрд теңге дивиденд төлемек

«ҚазТрансОйл» пайданың 76,1%-ын дивиденд ретінде төлемек / Коллаж: kursiv.media

Қазақстанның мұнай құбыры операторы –  «ҚазТрансОйл» (ҚТО, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес кәсіпорны) қарапайым акциялар бойынша дивиденд төлеуге 2023 жылдың соңындағы таза шоғырландырылған пайданың 76,1%-ын (32,8 млрд теңге) – 25 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Мәселе 23 мамырда өтетін акционерлердің жалпы жиналысында шешіледі. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжатта жазылған.

ҚТО-ның бір қарапайым акциясына шаққандағы дивиденд мөлшері 65 теңге мөлшерінде белгіленуі мүмкін. Компания таза пайданың қалған  7,8 млрд теңгесін компания иелігінде қалдыруды ұсынады. ҚТО бағалы қағаздары KASE-де саудаланып жатыр. 16 сәуірдегі жағдай бойынша бір бағалы қағаз 848,5 теңге тұрады. Бұл 15 сәуірден (849,49 теңге) сәл төмен.

Былтыр топ 2022 жылға дивиденд ретінде 15 млрд теңге (бір акцияға 39 теңге) төледі. Дивидендтің басым бөлігі – 13,5 млрд теңгесі – «ҚазМұнайГаздың бас құрылымына төленді. 2022 жылы 2021 жылға дивиденд сомасы 10 млрд теңгені құрады (9 млрд – ҚМГ дивидендтері).

2023 жылы мұнай құбыры операторы шоғырландырылған пайдасын 65,9%-ға – 19,8 млрд теңгеден 32,8 млрд теңгеге дейін жеткізді. ҚТО-ның 2023 жылғы таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 есе – 8,3 млрд теңгеден 18 млрд теңгеге дейін өсті. Компаниянның «Магистралдық суағызғы» (100%), «Arab Petrotrans Limited» (100%), Батуми мұнай терминалы (100%), «Қазақстан-Қытай құбыры» (50%) және Солтүстік-Батыс көлік компаниясында «МұнайТас» (51%) үлесі бар. 

ҚТО 2001 жылы Үкімет қаулысымен құрылды. 10% акциясы «Халықтық IPO» аясында сатып алған жеке акционерлерге тиесілі. ҚТО-ның негізгі акционері (90%) – «ҚазМұнайГаз» АҚ.  ҚМГ-ның бақылау пакеті (67,42%) «Самұрық-Қазына» қорына (ҚР Үкіметі), 20%-ы –  Қаржы министрлігіне, 9,58%-ы  – Ұлттық банкке тиесілі. Сонымен қатар акцияларының 3%-ы Астана қор биржасы мен KASE-де еркін айналымда жүр.