Тоқаев СҚО-ның су басқан өңірлерін тікұшақпен аралады

Жарияланды
Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды /Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің жағдайымен танысты. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

Ақорданың хабарлауынша, Президент Сергеевка су қоймасының жағдайымен танысқан. Сонымен қатар тікұшақпен Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін аралаған.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады.

Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Өңір бойынша су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал

СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің хабарлауынша Ақмола облысынан келетін су тасқынының екінші толқыны барысында Ғабит Мүсірепов ауданында су деңгейінің бірнеше сантиметрге артқаны байқалған. Ал Есіл ауданында Есіл өзенінің ағысы бойынша су деңгейі азайған. Осыған орай су тасқынына қарсы негізгі іс-шаралар Петропавл қаласынан өзеннің төменгі ағысы бойында жүргізіліп жатыр.

«Қызылжар ауданында Петропавлдың төменгі жағында су деңгейі әлі де көтеріліп жатыр, яғни бізде Тері зауыты мен Ойқала шағын аудандарындағы үйлерді су баспайды. Онда құтқарушылар жұмыс істеп жатыр, тұрақты мониторинг жүргізілуде, жағдай бақылауға алынды. Еріктілер жұмыс істеуде. Негізгі іс-шаралар өзен ағысының бойында Петропавлдан төмен орналасқан елдімекендерде жүргізіледі. Соңғы тәулікте су Большая Малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка ауылдарына келді, онда 317 үй су астында қалды, 1562 адам эвакуацияланды, оның ішінде 299-ы бала», – деді ТЖД өкілі.

Қазіргі сәтте облыста 2401 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан. Жалпы облыс бойынша 12235 адам эвакуацияланған. Олардың 2919-ы бала. Сонымен бірге бір тәулік ішінде 2947 адам оның ішінде 488 бала құтқарылған. 3590 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірілген.

Сондай-ақ оқыңыз