Тасқын суды қауіпсіз өткізумен қатар қоймаларға су жинап алу да маңызды – Су ресурстары министрі

Жарияланды
Ириклі
Ириклі су қоймасынан келетін су Атырау қаласы арқылы өтеді / Фото: kursiv.media

16-17 сәуір күндері Батыс Қазақстан облысына Ресейдің Ириклі су қоймасынан мол көлемде су келеді. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Министр «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандарымен өткізген жиында тасқын суды жинау және өткізу үшін гидротехникалық нысандардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесін талқылаған.

Болжам бойынша Батыс Қазақстан облысына Ресейдің Ириклі су қоймасынан жіберілген су 16-17 сәуірде жетеді. Осыған орай негізгі каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдегі 14 су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 73%-ды құрайды.

Осыған орай Нұржігітов Ресей Федерациясындағы әріптестерімен байланыста болып, су көлеміне қатысты ақпарат алмасып отыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ тасқын судың қаупін азайта отырып су қоймаларына су қорын жинап алудың да маңыздылығына тоқталды.

«Уақытылы ден қою іс-шараларын ұйымдастыру үшін судың көлеміне қатысты ақпарат сағат сайын жаңартылып, барлық су шаруашылығы нысанында тәулік бойы кезекшілік жалғасады. Батыс Қазақстан мен Атырау облыстық филиалдардың жұмысын да үйлестіру қажет. Себебі Жайық өзені арқылы Атырауға өтетін судың көлемін мейлінше азайтуымыз керек. Тасқын суды қауіпсіз өткізумен қатар барлық су қоймаларына су жинап алу да маңызды», – деді министр.

Айта кетсек, Жайық бойымен келетін су көлемін азайту мақсатында Каспий теңізіне құятын 14,5 метрлік канал қазылып жатыр. Тереңдігі – 2 метр, ені – 7 метрден асатын канал Атырау қаласы арқылы өтетін судың көлемін азайтуға сеп болмақ. Яғни Жайықтан келген су қосымша канал арқылы Каспий теңізіне құяды

Соңғы ақпаратқа сенсек, бүгін таңғы 08:00-дегі жағдай бойынша Ириклі су қоймасынан секундына 476 текше метр су ағызылып жатыр. Ал қоймаға келіп жатқан су көлемі секундына 396 текше метрді құрайды. Қойманың толу деңгейі 100%. Ал Орынбор жақта Орал өзенінің деңгейі 11,43 метрді құрайды.

Су тасқынына қатысты ахуал

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша өңірлерде су тасқыны салдарын жою және су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жалпы су тасқыны басталғанан бері 113 693 адам құтқарылған.

«Осы сағатта 13 543 адам өз үйлеріне оралды. 7 014 адам, оның ішінде 3 144 бала эвакуациялау пункттерінде. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. 3 570 тұрғын үй мен 2 195 аула аумағынан судың бағыты бұрылды», – дейді ТЖМ өкілі.

Сонымен бірге Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 708 жеке тұрғын үй, 1 609 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалған.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде, 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылған.

Сондай-ақ оқыңыз