Бектенов Су және Құрылыс кодекстерін уақтылы әзірлемеген шенеунікке тәртіптік шара қолданғанын айтты

Жарияланды
Фото: коллаж kursiv.media

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Су кодексін әзірлеу мерзімін кешіктіргені үшін Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші вице-министріне тәртіптік шара қолданған. Бұл жайлы үкімет басшысының депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.

Депутаттар өз сауалында президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан Құрылыс кодексін сынға алған. Олардың айтуынша, Құрылыс кодексі «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша қызметі», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» кодекстерден көшіріп алынған. Жалпы 382,5 млн теңгеге әзірленген кодекстің әр беті мемлекет үшін 1,6 млн теңгеге шыққан. Депутаттар осы орайда елдегі талай заң жобаларының бюджет қаражатынсыз әзірленіп жатқанын атап өтіп, Құрылыс кодексiнiң жобасын сапасыз әзiрлегені үшiн мемлекет ақшасының жұмсалуына қызметтiк тексеру және тергеу жүргiзуді сұраған.

«Егер мақсатсыз пайдалану расталса, қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етіңіз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапасыз және уақтылы орындамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту керек»,- деген ұсыныс айтқан.

Депутаттардың бұл сауалына премьер-министр кодексті әзірлеуге Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 382,5 млн теңге бөлінгенін, бірақ кейін бұл сома 363,4 млн теңгеге дейін азайғанын айтқан.

«Қаржыландыру көлемін анықтау барысында түрлі баға ұсыныстары қаралды Заңнама және құқықтық ақпарат институты – 1,3 млрд теңге, «White & Case» тәуелсіз компаниясы – 900 млн теңге, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы – 760 млн теңге, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ – 607 млн теңгеге әзірлеуге ниет білдірген. Баға ұсыныстары мен құрылыс және сәулет саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіндегі тиісті тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттік тапсырманы орындаушы болып «ҚазҚСҒЗИ» АҚ анықталды»,- дейді Бектенов.

Кодекстің қабылдануы құрылыс нарығын монополиясыздандыруға, жоспарлау, жобалау және құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан үкімт басшысы құрылыс кодексінің жобасын дайындау және пысықтау мәселелерін Үкіметтің тұрақты бақылайтынын айтқан.

Ал жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мәселесіне қатысты премьер-министр Су ресурстары және ирригация вице-министрі мен Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры жауапқа тартылғанын айтқан.

«Заң жобаларын әзірлегені үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне
қатысты Су кодексін әзірлеу мерзімдерін және Құрылыс кодексін келісу рәсімінің
талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға қатысты Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі, Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры тиісінше тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылғанын атап өтеміз»,- делінген үкімет басшысының жауабында.

Сондай-ақ оқыңыз