Президент тапсырмасымен су басқан өңірлерге көмектесу үшін әр аймаққа Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер бекітіледі

Жарияланды (жаңартылды )
Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер аймақтарға бекітіледі / Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының кәсіпкерлерімен және еріктілерімен кездесу барысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнесмендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

«Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сейсенбі күні Президент Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған еді. Осы сапарында Тобыл қаласындағы уақытша орналастыру нысанында ауылдардың тұрғындарымен де кездесті.

«Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету», – деген Тоқаев қиын-қыстау кезеңде халықтың бір болуға ұмтылуы маңызды екенін айтты.

Президент қазіргі уақытта мемлекет бюджет қаражатын қатаң үнемдеуге көшкеніне тоқталып өтті. Қаржылай қолдау негізінен су тасқынынан зардап шеккендерге бағытталады.

«Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім», – деді Президент.

Мемлекет басшысы топан су салдарына байланысты алдағы уақытта нақты жұмыстар атқарылатынын атап өтті.  

«Бұл табиғи апат болса да, біз бұдан сабақ алып жатырмыз. Су тасқынынан алдын ала ескерту жүйесі бұрыннан қалыптасуы керек еді. Енді су шаруашылығы мамандарын даярлауымыз керек. Бір жағынан, су деген тіршіліктің көзі екенін естен шығармайық. Халықаралық іс-шаралардың барлығын шегеріп, қаражатты қатаң үнемдеуге басымдық беру керек деп ұйғардым. Су тасқынынан зардап шеккен әр адам Үкімет назарынан тыс қалмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ оқыңыз